Тырысқақ, оба, безгек. Қазақстандықтарға шетелде қауіпті аурулар бары ескертілді

Астана қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева қазақстандықтарды шетелге шығу кезінде аса қауіпті инфекциялар (АҚИ) туралы ескертті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Оның айтуынша, АҚИ - халықтың көп бөлігіне жайылатын, кенеттен пайда болатын және тез таралатын аса қауіпті аурулар екен. АҚИ ауыр клиникасымен және халық арасында көп жағдайда өліммен аяқталумен сипатталады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес әлемде оба, тырысқақ, күйдіргі, туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасы, Эбола, Ласса, Денге, Марбург қызбасы, сары безгек, маймыл шешегі, коронавирус инфекциясы және тағы да басқа АҚИ тіркелген", - дейді ол.

Жанна Пралиева аса қауіпті инфекциялар бойынша қолайсыз елдерге баратын азаматтар инфекциялық аурулардың елге әкелінуіне жол бермеу үшін аурудың негізгі берілу жолдары мен алдын алу шаралары туралы білуілері қажет.

"Ең ауыр, аса қауіпті аурулар - тырысқақ, оба, геморрагиялық қызба. Әр ел үшін белгіленген шектеу шараларын қатаң сақтау қажет", - деді ол.

Тырысқақ

Кейінгі жылдары тырысқақ ауруы мен өршуі бойынша тіркелген әлем елдерінің саны артып келеді. 2022 жылы әлемде тырысқақтың 155 689 жағдайы тіркелді, оның 2 124-і өліммен аяқталды. Ауру жағдайлары Африканың 15 елінде, Азияның 13 елінде, Солтүстік және Орталық Америкада тіркелді.

Инфекцияның таралуының негізгі жолы - науқас адамның нәжісімен ластанған суды тағамда қолдану. Су қоймаларынан тырысқақ қоздырғышы адам ағзасына шомылу кезінде суды жұтып қойғанда, шикі сумен жуылған ыдыс-аяқ, көкөністер мен жемістер арқылы енуі мүмкін. Қауіпті факторлар тасымалдау, дайындау және сақтау процесінде жұқтырған тамақ өнімдері арқылы болуы мүмкін.

Тырысқаққа тән белгілер - адам өміріне өте қауіпті, ағзаны сусыздандыруға әкелетін диарея және құсу. Тырысқақ ауруына тән белгілер (жүрек айну, құсу, бос нәжіс, бас ауруы, бас айналу) пайда болған жағдайда дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Өзін-өзі емдеу сіздің жағдайыңызды нашарлатып, қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.

Алдын алу - жеке гигиена ережелерін үнемі сақтау, әр тамақтану алдында қолды жуу, тек қауіпсіз су мен сусындарды (қайнатылған су, ауыз су және зауыттық орамдағы сусындар) тұтыну, көкөністерді, жемістерді жуу үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану, тек бассейндер мен арнайы су қоймаларында шомылу.

Оба

Аса қауіпті топқа жататын жедел жұқпалы аурулардың бірі. Обаның табиғи ошақтары жер шарының Австралия мен Антарктидадан басқа барлық континенттерінде бар. 2022 жылы әлемде Конго Демократиялық Республикасында, Мадагаскар, Қытай, Моңғолия елдерінде тіркелген обаның 626 жағдайының 18-де адам қайтыс болды. Обамен жануарлар да, адамдар да ауырады. Оба қоздырғышы табиғатта үнемі бар. Осы инфекцияның негізгі тасымалдаушысы болып табылатын қоздырғыштар кеміргіштерге әсер етеді. Оба қоздырғыштарын кеміргіштердегі бүргелер тасымалдайды.

Инфекция механизмі - вирус адамға инфекция жұқтырған бүргелердің шағуы немесе инфекция жұқтырған кеміргіш жануарлармен байланыста болу арқылы, сондай-ақ өкпе обасы бар науқастың сау адаммен байланысы нәтижесінде ауа тамшылары арқылы беріледі. Инкубациялық кезең - оба таяқшасы сау адамның денесіне енгеннен бастап алғашқы белгілер пайда болғанға дейінгі уақыт - бірнеше сағаттан 6 күнге дейін.

Алдын алу - бүргенің шағуынан қорғану, көптеген жұқпалы аурулардың көзі болып табылатын кеміргіштермен байланыста болмау. Дене қызуының көтерілу, қалтырау, қатты ауырсыну, тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер кенеттен пайда болған жағдайда дәрігерге уақтылы бару маңызды.

Сары безгек

2022 жылы Африка аймағының 13 елінде және Оңтүстік Америкада тіркелген 202 расталған жағдайдың 35-інде науқастар қайтыс болды. Инфекция масалардың шағуы арқылы жұғатындықтан адамдардың сары безгекті табиғи жағдайда да, қалада да жұқтыруы мүмкін.

Аурудың инкубациялық кезеңі - инфекция жұқтырған күннен бастап аурудың алғашқы клиникалық белгілеріне дейінгі инкубациялық кезең 3-тен 6 күнге дейін.

Сары безгек жедел басталуымен, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас ауруы, геморрагиялық бөртпе, жүрек айнуы, құсу, сарғаю сияқты айқын токсикозбен сипатталады. Аурудың ағымы өте ауыр, жағдайлардың 25 пайызы өліммен аяқталады.

Алдын алу - сары безгек бойынша қолайсыз елдерге барған кезде осы қауіпті аурудың алдын алудың жалғыз және міндетті шарасы болып табылатын профилактикалық егулерді жүргізуді талап етеді. Вакцинация қолайсыз елге кіруге дейін 10 күннен кешіктірілмей жүргізіледі. Сары безгекке қарсы вакцинация туралы халықаралық куәлік жоқ болған жағдайда қолайсыз елдерге шығуға тыйым салынады.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы

2022 жылы Еуропаның 4 елінде, Азияның 7 елінде, Африканың 4 елінде тіркелді.

Қазақстандағы Шымкент қаласы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл областары Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз аймақтар болып есептеледі.

Инфекция көзі - ірі және ұсақ мал, кеміргіштер, жабайы сүтқоректілер.

Инфекцияны жұқтыру механизмі - вирус адамдарға кене шағу арқылы немесе ауру малды сою кезінде, ауру малдың қанымен немесе тіндерімен қатынаста болғанда жұғады.

Инкубациялық кезең - 2-14 күн, жиірек 3-5 күн.

Ауру жедел қызбамен басталады, мұрыннан, жыныс мүшелерінен, инъекция орнынан қан кету, теріде ұсақ қан кетулер пайда болады.

Өлім-жітім жағдайы жоғары.

Алдын алу - кенеден қорғану, кене шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

Денге безгегі

Қансорғыш жәндіктер арқылы таралатын ыстық елдердің жедел вирусты жұқпалы ауруы, туристер арасында жиі кездесетін инфекция. Адамға инфекцияны жұқтырған масалардың шағуы арқылы берілетін вирустық инфекция. 2022 жылы осы ауру Азия, Африка, Европа, Австралия, Океанияда тіркелді.

Инфекцияны таратушы - масалар.

Инкубациялық кезең - 2 - 21 күн.

Инфекция көзі - ауру адам, маймылдар, тиіндер мен жарқанаттар. Аурудың белгілері: қалтырау, арқадағы ауырсыну, омыртқа, буындар (әсіресе тізе), қатты бас ауруы, бөртпенің пайда болуы. Дене қызуы барлық науқастарда байқалады, дене температурасы 39-40°C дейін көтеріледі.

Алдын алу - масалармен күресу инфекцияны болдырмаудың ең жақсы әдісі болып табылады.

Эбола безгегі

Әлемде (Африкада) тіркелген 165 жағдайдың 78-і өлім-жітіммен аяқталды.

Эбола вирусы - өлімге әкелетін ауру. Орта есеппен өлім жағдайы 50% шамасында тіркелсе, аурудың өршу кезінде өлім деңгейі 25% - дан 90% - ға дейін өседі.

Аурудың алғашқы белгілері - кенеттен қызбаның пайда болуы, бұлшықет ауруы, бас ауруы және тамақ ауруы. Одан кейін құсу, диарея, бөртпе, бүйрек пен бауыр функциясының бұзылуы және кейбір жағдайларда ішкі және сыртқы қан кетулер (мысалы, қызыл иектен қан кету, нәжістегі қан).

Алдын алу - эбола вирусын жұқтырмас үшін жануарлармен және олардың денесінің секрецияларымен, сондай-ақ жануарлардың мәйіттерімен байланыста болудан аулақ болыңыз, сонымен қатар жабайы аң етін жеуге болмайды. Мүмкіндігінше, Эбола бойынша қолайсыз елде болған кезде медициналық мекемелерге бармағаныңыз жөн.

Марбург безгегі

Жиі өліммен аяқталатын ауыр дерт. 2022 жылы әлемде (Ганада) аурудың 4 жағдайы тіркелді, оның 3-і өліммен аяқталды.

Марбург геморрагиялық қызбасының көзі - маймылдар. Геморрагиялық қызба приматтармен байланыста болған адамдарда, сондай-ақ күтім жасайтын медициналық қызметкерлерде дамуы мүмкін.

Алдын алу - науқастар міндетті түрде ауруханаға жатқызылуы және жеке бокста қатаң оқшаулануы тиіс. Карантиндік шаралар Марбург безгегінің алдын алуда ерекше маңызды рөл атқарады.

Ласса безгегі

Бір-төрт аптаға созылатын және Батыс Африкада таралған жедел вирустық геморрагиялық ауру. 2022 жылы Африканың 6 елінде және әкелінген жағдайлар Еуропада (Ұлыбритания) тіркелді.

Вирустың резервуары мен тасымалдаушысы - егеуқұйрықтар. Сондай-ақ, науқас адам үлкен қауіп төндіретінін есте ұстаған жөн.

Ласса вирусы адамнан адамға несеппен немесе кеміргіштердің қоқысымен ластанған тамақпен немесе тұрмыстық заттармен байланыста болғанда жұғады.

Алдын алу - Ласса безгегінің алдын алу жеке гигиена ережелерін сақтауға және кеміргіштердің үйлерге енуіне қарсы күреске негізделген. Бүгінгі күні Ласса безгегіне қарсы вакцина жоқ.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!