Түркістан әуежайында мас ер адам ойран салды

Әуежайда қоғамдық тәртіпті бұзған мас ер адамға 220 мың теңге айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Polisia.kz порталының мәліметінше, Түркістан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері патрульдеу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған ер адамды анықтады. Тексеру барысында Шымкент қаласының 38 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Ол қоғамдық орында масаң күйінде болып, айналасындағыларға балағат сөздер айтқан. Сондай-ақ құқық бұзушы полиция бөлмесіне жеткізу кезінде билік өкілдерінің заңды талабына бағынбаған.

Оған қатысты бірден үш әкімшілік хаттама, яғни, алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны, сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Түркістан қаласы бойынша мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Айта кету керек, бұл азамат бұрын бір жыл ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Сот шешімімен ер адамға 60 АЕК (221 520 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Еске салайық, жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 7312 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені және қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін - 608, ұсақ бұзақылық үшін - 67 және тағы басқа құқық бұзушылықтар тіркелді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!