Түркістан қаласында "Түркістан - түркі әлемінің туристік астанасы" халықаралық туристік форумы өтті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Форумның ашылу салтанатында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Мирвохид Азимов сөз сөйледі.
"Іс-шараға түркі елдерінің туристік әкімшіліктерінің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, туриндустрия мен Қазақстанның қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Бір күн бұрын ТМҰ туризм мәселелеріне жауапты министрлерінің VIII отырысы өтті. Онда Түркістанды 2024 жылғы түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялау туралы бастама мақұлданды", - делінген Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жоғарыда аталған іс-шаралар барысында бірқатар бастамалар талқыланып, түркі әлемі елдеріндегі туристік секторды одан әрі дамытуға бағытталған кешенді шаралар ұсынылды.
- ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттердің ірі қалалары арасындағы әуерейстер санының артуы.
- Бірлескен туристік өнімдерді әзірлеу, серіктестік қатынастарды жолға қою бойынша жұмыстарды жандандыру және "Жібек жолы" заманауи туристік маршрутын дамыту.
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы "Табаррук Зиёрат" пилоттық жобасын неғұрлым тығыз дамытуды жалғастыру.
- Салауатты өмір салтын насихаттау, мәдени алмасу және туристік ағымды ынталандыру мақсатында ТМҰ елдері арасында жүгіру бойынша марафондар альянсын құру ұсынылды.
- Туризм және меймандостық бойынша оқытуға мамандандырылған ТМҰ университеттер лигасын құру. Бұл туризм саласындағы табысты мансап үшін маңызды болып табылатын студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді.
- ТМҰ елдерінің туристік әлеуетін ілгерілету және маркетинг бойынша тәжірибе алмасуды күшейту.
"ТМҰ кеңістігіндегі маңызды бастамалардың бірі "Түркі әлемінің туристік астанасы" бастамасы болды. Бұл Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік береді және бір-бірінің мәдени және дәстүрлі құндылықтарын білу арқылы барлық түркі елдері халықтарының жақындасуына ықпал етеді. Түрленген Түркістан түгел түркі әлемі алға қойған ортақ мақсаттарды жүзеге асыруда, насихаттауға елеулі үлес қосатынына нық сенімдімін", - деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!