Turkish Airlines Қазақстан мен Түркия астаналары арасында рейстерді іске қоспақ, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Turkish Airlines әуеакомпаниясы 2022 жылдың 20 қарашасынан бастап А-320 және Б-737 типті әуе кемелерінде аптасына 2 рейс жиілігімен Алматы - Анкара бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлап отыр.
2022 жылдың 5 желтоқсанынан бастап Turkish Airlines әуекомпаниясы Қазақстан мен Түркияның астаналары Астана және Анкара қалалары арасында А-320 және Б-737 типті әуе кемелерінде аптасына 2 рейс жиілігімен жаңа рейсті іске қосуды жоспарлап отыр.
"Рейстерді ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады", - делінген ведомство таратқан хабарламада.
1 қарашадан бастап түркиялық Pegasus Airlines әуекомпаниясы Алматы мен Анкара арасындағы рейстерді іске қосты. Алматы және Анкара қалалары арасындағы тұрақты рейстер А320 және Б737 типті әуе кемелерінде сәрсенбі және сенбі күндері аптасына 2 рет жиілікпен орындалатын болады.