"Турдың жартысын өткізіп алдық": Дубайға ұша алмаған жолаушылар Прокуратураға арызданды

Осымен екінші күн қазақстандықтар Астанадан Дубайға көптен күткен сапарларына шыға алмай жатыр. Себебі рейс кейінге қалдырыла береді. Әуежайдың ресми өкілі осы жайтқа қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Бұған дейін Астана тұрғыны редакцияға хабарласып, 19 ақпанға қараған түні ол Дубайға ұшуға тиіс екенін айтты. Алайда оның жоспарлары орындалмады. Алдымен рейс бір сағатқа, содан кейін 20 ақпан күні таңға ауыстырылды. Алайда ұшақтың бүгін де ұшпағаны белгілі болды.

"Бізде бар-жоғы төрт күн ғана демалыс бар. Әуежайға келіп жүргенімізге екінші күн болды. Дубайға ұшудың да қажеті жоқ. Құрбым екеуміз Көлік прокуратурасына арыз жаздық", - деді жабырқаулы бойжеткен.

Оның айтуынша, көптеген жолаушы Дубайға қысқа мерзімге ғана бармақ болған.

"Адамдар ренішін білдіріп жатыр. Олар негізінен 4-5 күнге ғана бара жатыр. Міне, оның екі күні өтіп кетті", - деп қосты ол.

Tengri Travel тілшісі түсініктеме алу үшін Астана әуежайының ресми өкіліне жүгінді. Ол ұшақтың екінші күн кешігіп жатқанын растады.

"Астана - Дубай бағыты бойынша рейсті орындайтын FlyDubai әуекомпаниясының 1322 рейсі техникалық себепке байланысты кешіктірілді. Қазір басқа қаладан келген жолаушылар қонақүйлерге орналасқан. Рейсті күту барысында жолаушылардың барлық жағдайы жасалған. Әуежай тарапынан ана мен бала бөлмесі, анықтамалық қызмет және қоғамдық тамақтану пункттері ұсынылды. Техникалық ақау жойылғаннан кейін жолаушылар ұшағы бірден жолға шығады. Шамамен - 20 ақпан сағат 21:00-ден кейін ұшады деп жоспарланып отыр", - деді Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!