Таңбалы шатқалында туристерге арналған фотоспот орнатылды

Қазақстанның көрікті жерлеріне есте қаларлық саяхат жасап, табиғи нысандардың қасында ерекше фотоға түсіп және ол үшін құнды сыйлық алудан артық не болуы мүмкін? Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға арналған Neo Nomad-2022 акциясы Алматы облысында, дәлірек айтсақ, 2022 жылдың қыркүйегінде Таңбалы шатқалында басталды. Ұйымдастырушылар - "Kazakh Tourism ҰК" АҚ және Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ  Almaty Region туристік ақпараттық орталығы.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен NEO Nomad-2022 акциясын өткізу жоспарланған. Жоба аясында Қазақстан аумағында туристерге баруға ұсынылатын 20 орынның тізімі жасалды. Осы орындардың әрқайсында туристер сирек кездесетін сұлулықтың ерекше кадрларын жасауға мүмкіндік алады.

Биылғы қыркүйектен бастап, қазақстандықтар мен еліміздің қонақтары тізімдегі орындарда түскен суреттерін әлеуметтік желілерде #neonomad2022 тегімен жариялауы керек. Бұл Жетісудың керемет табиғатының суреттерімен қуантып қана қоймай, акция ұйымдастырушыларына акцияға қатысатын туристерді тег бойынша бақылауға және олардың рейтингтерін апта сайын жариялауға мүмкіндік береді.

Ішкі туризм әуесқойлары барлық 20 фотостопқа барып, сол жерде суретке түсіп, оларды #neonomad2022 хэштегімен әлеуметтік желілерге жариялап, пост мәтінінде және стористе @almatyregion.travel аккаунтын белгілеуі керек. NEO NOMAD-2022 акциясын қорытындылау жыл соңында өтеді. Барлық 20 орынға барған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталады.

"Жобаны кеңінен жариялау және іс–шараның жарыстық форматы өңірлердегі бірегей орындарға назар аударуға мүмкіндік береді, ең бастысы халықтың ішкі туризмге деген қызығушылығын арттырады. Туристердің жаңа орындарды ашуы нәтижесінде өңірлерге туристік ағындарды таратуға мүмкіндік береді. Өңірлердегі туристер ағыны экономикалық белсенділікті және өңірлердегі жұмыспен қамтуды арттыруға көмектеседі, бұл Қазақстанның туристік секторы үшін де маңызды", - дейді жобаның баспасөз қызметінің өкілдері.

Алматы облысындағы фотоспоттардың бірі орналасқан Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері - Жетісу жартас өнерінің ең көне және жарқын ескерткіштерінің бірі. Мұнда 1950 жылдардың аяғында көптеген үңгір суреттері бар қасиетті орын табылды. Таңбалы шатқалы Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде Аңырақай тауларында орналасқан. 2004 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы болып келеді.

Фотоспоттар орнатылған орындардың тізімі:

1. Астанадағы "Бәйтерек" монументі,

2. Көк-Жайлау және Алматыдағы "Шымбұлақ" тау курорты,

3. Ақмола облысы – Зеренді,

4. Ақтөбе облысы - Ақтолағай үстірті,

5. Алматы облысы – Таңбалы петроглифтері,

6. Атырау облысы - Сарайшық қалашығы,

7. Батыс Қазақстан облысы – Көпестер үйі,

8. Жамбыл облысы - Айша бибі кесенесі,

9. Қарағанды облысы - Қарқаралы қаласы,

10. Қостанай облысы – Наурызым қорығы,

11. Қызылорда облысы – "Қорқыт Ата" мемориалдық кешені,

12. Маңғыстау облысы - Қапамсай,

13. Түркістан облысы - Сауран қалашығы,

14. Павлодар облысы - "Баянауыл" МҰТП, Кемпіртас жартасы,

15. Солтүстік Қазақстан облысы – Имантау көлі,

16. Шығыс Қазақстан облысы - "Берел" мұражай-қорығы,

17. Шымкент - "Цитадель" тарихи кешені,

18. Абай облысы - Абайдың "Жидебай-Бөрілі" тарихи-мәдени кешені,

19. Жетісу облысы - "Алтын Емел" МҰТП, Ақтау таулары,

20. Ұлытау облысы - "Жошы хан" тарихи-мәдени орталығы.

NeoNomad2022 акциясы туралы толығырақ мына сайттан білуге болады.


МАТЕРИАЛ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТАО ҚОЛДАУЫМЕН ӘЗІРЛЕНДІ