Қазақстанның кейбір туристік аймақтарында табиғат сұлулығы мен ежелгі дәуір тарихы керемет ұштасып жатқан ерекше жерлер бар. Тengritravel.kz сіздерді осындай әсем жердің бірі Таңбалы аймағымен таныстырады.
Алматыдан 180 шақырым жерде орналасқан Таңбалы (немесе Тамғалы – халықаралық интерпретациядағы атауы) 2004 жылдан бері тарихи-археологиялық кешен, ЮНЕСКО-ның қорғауына кіреді.
Бірақ Таңбалы тек ашық аспан астындағы мұражай емес. Мұнда ежелгі ғибадат ету орындары, қасиетті орын, жерлеу орындары және біртұтас сакральды аумақты құрайтын 5000-ға жуық жартас суреттері орналасқан. Ежелгі уақытта мұнда салт-дәстүрлер өткізіліп, адамдар 2000 жылдан астам уақыт құдайларға мен қасиетті рухтарға сыйынған. Мұндағы ең қызығы - петроглифтер немесе үңгірлердегі тасқа қашалған суреттер. Бірақ бұл жай тастардағы жазулар емес, оларды, өкінішке орай, туристер демалған жерлерде жиі кездестіруге болады. «Мұнда Вася болды» деген сияқты жазбалар петроглиф емес, бұл вандализм және табиғатқа деген жауапсыздық.
Петроглифтер - үңгірлердің қабырғаларына немесе төбелеріне, сондай-ақ тастар мен ашық жартастар беттеріне оюланған немесе боялған ежелгі кескіндердің жалпыланған атауы. Грек тілінен аударғанда «pétros» - тас және «glyphé» – ою дегенді білдіреді.
Ғалымдардың айтуынша, Таңбалы петроглифтерінің ең ерте кезеңі қола дәуірінде, б.э.д. XIV ғасырдан бастап салынған, ең жаңа, жас суреттер біздің дәуіріміздің 6-8-ші ғасырларында, түркі халықтарының Ұлы далаға көшу кезеңінен басталады.
Таңбалы саябағының аумағында петроглифтерді жартас беткейінің үлкен бөліктерінен де, жеке тастардың бетінен де кездестіруге болады. Суреттерді жалпы аумағы 3-тен 10 шақырымға дейін созылып жатқан саябақтың барлық жерінен көруге болады. Бірақ кейбір жерлерде петроглифтерөте көп шоғырланған: бір шағын ауданда (шамамен 250-ден 500 метрге дейін) 2000-ға жуық, ал кешенде 5000-ға жуық петроглифті табуға болады.
Біздің ата-бабаларымыз Таңбалы шатқалының жартастарына қандай суреттер салды?
Мұнда күн басты құдайлардың бейнелері көп кездеседі. Жасанып киінген адамдар бейнелері, шамандар болуы мүмкін, найзасы бар жауынгерлер, ерлі-зайыптылар, босанған әйелдер. Сондай-ақ тұрмыстық суреттер, адамдар мен жануарлар композициясы, аң аулау көріністері, рәсімдер мен құрбандықтар бейнеленген композициялар да бар. Ежелгі суретшілер құрал ретінде тастарды қолданған және кейбір петроглифтердің салынуына қарасақ, металл құралдарды да қолданғанға ұқсайды.
Тарихшылар үшін де, тіпті қарапайым туристер үшін де б.д.д. екінші мыңжылдықтың ортасында салынған ең көне суреттер күнбасты қағандардың бейнесі үлкен қызығушылық тудырады. Ғалымдардың пікірінше, бұл құдайлардың алғашқы антропоморфтық бейнелері. Айта кетсек, күн басты адамның осындай бейнесі Азия Дауысы халықаралық музыкалық фестивалінің символына айналды.
Кейінірек салынған сақ стиліндегі суреттер ежелгі петроглифтерден бөлек орналасқан, бірақ кейбір кезде оларды толықтырады немесе тіпті қабаттасып та кетеді екен. Таңбалыда петроглифтерден басқа, археологтар көптеген қорымдарды тапты: орта және кейінгі қола дәуіріндегі тас қораптар, ерте темір дәуірінен қазіргі уақытқа дейінгі әр түрлі кезеңдердегі балшық пен тастан салынған қорғандар.
Таңбалыға қалай жетуге болады?
Алматыдан Таңбалы қорығына дейінгі қашықтық Отарға дейін 180 шақырымды құрайды. Сізге Қопа станциясына апаратын бұрылысқа дейін жету керек: Алматыдан келе жатқан болсаңыз, Тарғап ауылынан кейін 10 шақырым жерде тағы бұрылыс болады. Сол жерде Таңбалыға жүретін бағытты көрсететін белгі бар. Сіз Қопаға жетіп, тағы 40 шақырымға жүресіз, сапар 3-4 сағат уақытты алады, сондықтан Таңбалыға бір күннің ішінде барып келуге болады.
Қорықтың өзі Қарабастаудан сәл алыста, Қопа-Қаншеңгел тас жолының бойында орналасқан. Айтпақшы, мұнда келерде нашар жолға жақсы жүре алатын жол талғамайтын көлікке мінгеніңіз дұрыс. Қопадан Таңбалыға дейінгі жол Феррари сияқты басқа да жеңіл автомобильдерге арналмаған.
Егер сіз автомобильге әуес емес болсаңыз, мұңаймаңыз. Көптеген туристік фирмалар Танбалыға экскурсия ұйымдастырады, оның ішіне автобус, гид, т.б. кіреді.
Сол жерге жеткенде, билет сатып алып, міндетті түрде гидтің көмегіне жүгініңіз. Бұл қызықты болады, себебі, сіз археологиялық қазбалар туралы әңгімелерді ғана емес, сонымен бірге осы таңғажайып жерге қатысты ежелгі аңыз-әңгімелерді де тыңдайсыз.
Таңбалыға тек қазақстандықтар ғана емес, басқа елдерден де қызығушылық танытып келетіндер өте көп. Шатқалдан американдықтар, голландтар мен немістерді көру үйреншікті нәрсе. Олардың барлығы Қазақстанның ежелгі таңғажайып мәдениетімен танысу үшін осында келеді. Туған өлкенің ежелгі тарихымен жүздесу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз.