Менің елім 08 маусым 2024 12:52

Талдықорғанда ең биік Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы пайда болды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фотосуреттің авторы: Жеңіс Ысқабай, «Бұрхан-Бұлақ» муралы Фотосуреттің авторы: Жеңіс Ысқабай, «Бұрхан-Бұлақ» муралы

Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығының тапсырысымен Талдықорған қаласының жаңа шағын ауданын безендірген таңғажайып «Бұрхан-Бұлақ» муралы салынды. Бұл қабырға шедеврі Талдықорған қаласының талантты арт – суретші Еркеғали Иманғали мен Қарағанды облысынан келген дарынды арт – суретші Ернұр Сағатұлы Сәрсекеевтің арасындағы коллаборация нәтижесі.


Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығының тапсырысымен Талдықорған қаласының жаңа шағын ауданын безендірген таңғажайып «Бұрхан-Бұлақ» муралы салынды. Бұл қабырға шедеврі Талдықорған қаласының талантты арт – суретші Еркеғали Иманғали мен Қарағанды облысынан келген дарынды арт – суретші Ернұр Сағатұлы Сәрсекеевтің арасындағы коллаборация нәтижесі.

Таңғажайып «Бұрхан-Бұлақ» сарқырамасы бейнеленген муралдың салынуының негізгі мақсаты - облысымыздың тұрғындары мен қонақтарын, фотографтар мен туристерді саяхаттауға ынталандыру. Бұл көркем қабырға суреті ғимараттың эстетикалық көрінісін жақсартып, тұрғындар арасында жағымды әсер қалдырды. Сондай-ақ өңіріміздің дәстүрін, тарихы мен мәдениетін насихаттайтын ерекше туынды. Өз кезегінде сарқыраманың жарқын және таңғажайып бейнесі туристік нысанның тартымдылығын арттырып, саяхаттаушы турист санын ұлғайтады, өңіріміздің экономикалық дамуына септігін тигізеді.

Фотосуреттің авторы: Жеңіс Ысқабай, «Бұрхан-Бұлақ» муралы және арт – суретші Ернұр Сағатұлы Сәрсекеев

Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы – Жетісу Алатауындағы Қора өзенінің шатқалында орналасқан, Қазақстанның ең биік және әдемі сарқырамасы. Төрт каскадтан тұратын сарқыраманың жалпы биіктігі 168 метрді құрайды. Сарқырама теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан. Аптап ыстықтың кезінде де сарқырама маңында адам жанына жайлылық сыйлар салқындық сезіліп тұрады. Тау суы жартасты бойлай белбеумен ағады және Қора шатқалының оң жақ бөктерін жиектейді.

Қора шатқалының бойында жартастарды бойлап өскен қарағайлар кездеседі. Ал тау баурайындағы шыршалар мен арша ағаштарының хош иісі сарқырама суынан ылғалданған аумақ ауасына керемет табиғи хош иіс сыйлап, бұл жерді табиғи шипажайға айналдырып жібергендей болады. Мұнда аң-құстардың да түр-түрі мекендейді. Бұл Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына туристердің келу санын жылдан-жылға арттыруда.

Қора шатқалы

Саяхатшылар сарқырамаға жазда баруға кеңес береді. Маусым-шілде айларында тау басындағы мұздар еріп, тау сулары сарқыраманың аңғарын толтырып, ағынын арттыратыны анық. Әрине, бұл жерге күзде де, қыста да келуге болады, сарқырама жылдың қай мезгілінде болмасын, кереметін жоғалта қоймайды. Сарқыраманы тамашалау үшін оның төңірегінде арнайы шағын демалыс орындары да ұйымдастырылған.

Сарқырамамен байланысты бірнеше аңыз-әңгімелер бар. Сол аңыздардың бірінде, ертеде осы сарқырама аумағында өмір сүрген, Бұрхан деген жалғыз ұлы бар әйел жайында айтылады. Шешесі ұлын бар жанымен жақсы көрген екен және сүйікті ұлы әйелдікке тіл алғыш, момын қызды таңдап алғанын қалайды. Дегенмен, Бұрхан өркөкірек, ерке сұлуға ғашық болып қалады, бұған анасы қатты ашуланады. Екі ғашықтың қосылуына кедергі болу үшін, анасы жар басына үлкен қамал тұрғызып, ұлын қамап тастайды.

Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы

Бұрханның жүрегіне әмір жүрмеді. Оның Қора сұлуға деген махаббаты қатты болғаны соншалық, қамалдан қашып шығып, екеуі қосылады. Бірнеше жүз жылдықтар өтсе де қос ғашықтың жаны әлі күнге дейін бірге деседі. Бұл әсерлі оқиға муралда өз көрінісін тапты.

Осылайша, Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығының тапсырысымен салынған мурал өңірімізге келетін жаңа туристерді тартып қана қоймай, жергілікті көрікті жерлердің танымалдығын арттырып, облысымызда туризмнің дамуына септігін тигізеді.

«Бұрхан-Бұлақ» муралы

Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығы Жетісу облысымыздың туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жақын арада туристік нысандарды одан әрі танымал ету мақсатында ақпараттық турлар және басқада іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!

Visit Zhetysu ТАО ұсынған материал