Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейде жаңа бес жұлдызды қонақүй және екі сауда және ойын-сауық орталығы салынатынын айтты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
"Туризм саласын дамытуға алты шараға 41 миллиард теңге жұмсау қарастырылған, оның ішінде 3,7 миллиард теңгеге Семей қаласында екі сауда және ойын-сауық орталығы, 24 миллиард теңгеге Семейде қонақүй кешенін және 6,1 миллиард теңгеге Алакөл көлінің жағалауында демалыс базаларын салу көзделген", - деді әкім үкімет отырысында.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров көлік саласы мен логистиканы дамыту мақсатында Аягөз - Бақты - Қытай шекарасы учаскесінде 11 көпір, теміржол салу және қайта жаңарту жоспарланып отырғанын айтты.
"Жалпы ұзындығы 1500 шақырым автожолдарда күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Семейден Ақтауға, Атырауға, Шымкентке және Үржардан Павлодарға әуе рейстерін субсидиялау жоспарланған", - деді Қуантыров.