Жолаушылар әуекомпанияның кінәсінен кешіктірілген рейстің әр сағатына билет құнының үш пайыз мөлшерінде өтемақы алуға құқылы. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері айтты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
ИИДМ рейстердің ұзаққа дейін кешігу себептері қарастырылды. Сондай-ақ авиакомпаниялардың өкілдері жолаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету мен көрсетілген қызметтер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпаратпен таныстырды.
Бұл ретте "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңына сәйкес әуе компанияның кесірінен рейс кешіктірілген жағдайда және оның ұзақтығына байланысты жолаушыларға тегін негізде салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақ үйде түнеу, сондай-ақ оған көлікпен барып, қайту ұсынылуы тиіс. Аталған қызмет талапқа сай көрсетілмеген жағдайда әуекомпания айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылатынын айта кетейік.
Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жолаушылар кешіктірілген рейстің әр сағаты үшін тасымалдаушы компаниядан билет құнының үш пайыз мөлшерінде өтемақы алуға құқылы.
Бұдан бөлек әуе тасымалдаушылардың рейстерді уақтылы орындауы туралы, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын сақтауға баса мән берілу керектігі айтылып, әуекомпаниялардың міндеттері де түсіндірілді.
Осы орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі рейстердің кешігуін азайту мақсатында әуекомпаниялардың жаңа ұшақтарды сатып алу жөніндегі жоспарын қайта қарауды тапсырғанын айта кеткен жөн.