Петропавл әуежайында цифрлық жеке куәліктер енгізілді

Қазақстандықтар Петропавл әуежайында цифрлық жеке куәлікті пайдалана алады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін eGov mobile жүйесінде авторизацияланған азамат "Цифрлық құжаттар" сервисіне кіріп, тізімнен өзінің жеке куәлігін таңдауы тиіс. Әуежайдағы тіркеу орнында, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде смартфон экранынан сервистегі QR-кодты көрсету керек. 

"Цифрлық жеке куәлікті ел ішіндегі рейстерде пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ, Қазақстан Республикасының авиакомпаниялары мен әуежайлары және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жүйелерін интеграциялау бойынша бірлесе жұмыс атқарды", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Цифрлық құжаттар сервисі пилоттық тәртіпте іске қосылды және бұл мүмкіндік әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Атырау, Тараз және Петропавл қалаларының арасындағы рейстерде ғана қолжетімді. Пилоттық жоба болғандықтан, бұл сервисті қолдануды жоспарлаған жолаушылар өзімен бірге жеке куәлігінің түпнұсқасын да алғаны жөн.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!