Желіде Fly Arystan бортының Мумбай әуежайында Air India ұшағымен соқтығысқаны туралы хабар тарады. Tengritravel.kz тілшісі ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау үшін қазақстандық әуекомпанияның баспасөз қызметіне жүгінді.
"Чиновник" Telegram-арнасы Fly Arystan ұшағының Мумбай әуежайында Air India ұшағымен соқтығыса жаздағанын мәлім етті.
"22 ақпанда Мумбайдан Алматыға ұшып бара жатқан Fly Arystan әуекомпаниясының Airbus A320-200N (EI-KBP) экипажы ұшу жолағын шатастырды. Салдарынан қазақстандық ұшақ жылдамдығын арттырып, әуеге көтерілмек болған Air India әуекомпаниясының Airbus A319-100 лайнерінің жолағына қарай бұрылды. Сөйтіп үндістандық борт ұшуын тоқтатуға мәжбүр болды", - делінген хабарламада.
Абырой болғанда апатқа жол берілмеді. Кейін екі ұшақ та әуежайдан аман-есен ұшып кетті.
Алайда Үндістанның авиация комитеті аталмыш жайтты авиациялық оқиға ретінде қарастырып, тергеуді бастап кеткен.
Tengri Travel тілшісі осы жағдайға қатысты мән-жайды анықтау үшін қазақстандық әуекомпанияның баспасөз қызметіне хабарласты.
"2024 жылғы 22 ақпанда Мумбай-Алматы бағытындағы Fly Arystan KC7858 рейсінде болған оқиға туралы хабардармыз. Әуекомпания Чатрапати Шиваджи атындағы Халықаралық әуежаймен бірлесіп, оқиғаны егжей-тегжейлі қарастырып, нақты деректерді анықтап жатыр", - деп жауап берді компания.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!