Осы жазда Алакөлге қанша адам пойызбен жетті

"Қазақстан темір жолы" АҚ Алакөл курорттық аймағы бағытында жазғы тасымалдауды қорытындылады. Ведомствоның мәліметінше, 240 мыңнан астам жолаушы темір жол көлігімен Алакөл көліне жеткізілген, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

Алакөл бағытында 11 жолаушылар пойызы жүрді, оның ішінде 9 - "Жолаушылар тасымалы" АҚ, 2 - жеке тасымалдаушы болды. Үш құрам Астанадан, бесеуі Алматыдан, екеуі Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан және қала маңындағы пойыз Ақтоғай - Достықтан жөнелтілді. Сондай-ақ, биыл алғаш рет екі бағыт бойынша "Тальго" вагондарынан құрылған жолаушылар құрамы жұмылдырылды.

"Жаздың үш айында Алакөл көліне қарай 243 мың жолаушы тасымалданды, бұл өткен жаздағыдан 33,5 пайызға артық. Сұранысты қанағаттандыру үшін 260 мыңнан астам орын ұсынылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға жоғары", - делінген хабарламада.

Туристік маусымның қызған кезінде жолаушылардың ең көп ағыны Жалаңашкөл, Көктұма, Ақши және Бескөл станцияларының вокзалдарында байқалды. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін вокзал ғимараттары мен жолаушылар платформалары жөнделді, қоршаулар, тұтқалар, шатырлар орнатылды, жарықтандыру жүргізілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін вокзал ғимаратында пандустар, күту залында арнайы орындар орнатылып, мүгедектер арбасы сатып алынды.

Тасымалдаушының хабарлауынша, келесі жылы осы бағыттардың тізбесін сақтау жоспарланып отыр. Халық тарапынан сұраныс артқан кезде уәкілетті органмен бірлесіп, Астана - Достық бағыты бойынша ("Тальго" вагондарымен), сондай-ақ Қызылорда - Достық бағыты бойынша (стандартты вагондармен) қосымша пойыздарды ұйымдастыру мәселесі пысықталатын болады.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!