Орал - Нұр-Сұлтан рейсі ұшақ ауыстырылуына байланысты кейінге қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Мой город" сайтына сілтеме жасап.
Оралдан Нұр-Сұлтанға ұшуы керек болған жолаушылар 9 шілдеде таңертең редакцияға жазды.
"Ұшақ 9:40-та ұшуы керек еді, одан кейін Алматыға ұшатын рейсіміз бар, шетелге ұшатын адамдар бар. Тіркеуге келсем, Нұр-Сұлтан әуежайындағы жөндеу жұмыстарына байланысты рейс кейінге шегерілгені айтылды. Ерінбей астана әуежайына қоңырау шалдым, онда жөндеу жұмыстары 15 шілдеде басталады деді. Рейстің кешігу себебін бізге түсіндірмеді. Сайтта көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалу мүмкін емес", - деді жолаушы "МГ" тілшісіне.
Air Astana АҚ баспасөз қызметіндегілер ұшақ техникалық себептерге байланысты кешіккенін айтты.
"Орал - Нұр-Сұлтан бағытындағы KS 980 рейсі техникалық себеппен әуе кемесінің ауыстырылуына байланысты кешіктірілді. Қолайсыздық үшін жолаушылардан кешірім сұраймыз", - деп хабарлады әуеакомпания өкілдері.
Сонымен қатар, бүгін Air Astana ұшағының сол жақ қозғалтқышы істен шыққаны белгілі болды. Оқиға Шымкент - Нұр-Сұлтан бағытында А320 ұшағында KS 342 рейсін орындау кезінде болды. Ұшақ Шымкент әуежайына оралды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!