Нұр-Сұлтан - Сеул рейсі қашан ашылады – Корея елшісінің жауабы

Қазір Кореяның Сыртқы істер министрлігімен Нұр-Сұлтан - Сеул тікелей рейсін қайта ашу үшін келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ку Хонг-сок журналистермен кездесуде мәлімдеді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

"Пандемияның ауыр кезеңі бәсеңдегеннен кейін Корея Республикасы әлемдегі 30-дан астам мемлекетке ғана Кореяға визасыз кіру режимін қайта ашты. Соның ішінде Қазақстан Республикасы да бар. Сонымен қатар, біздің елдер үшін екі ел арасында адамдардың қарым-қатынасы маңызды, яғни туристік байланыс. Сондықтан біз қазір Корея мемлекетінің Сыртқы істер министрлігімен екі астана арасында әуеқатынасын ашуды қарастырып жатырмыз. Қазіргі жоспарымыз осындай", – деді елші.

Айта кетейік, қазір екі ел азаматтары үшін тікелей тек Алматы - Сеул рейсі қатынайды.

Сонымен қатар, дипломат Қазақстанның бірқатар қаласында болғанын, оның ішінде Шығыс Қазақстанның табиғаты ерекше екенін атап өтті.

"Қазақстанның бірнеше өңірінде болдым. Соның ішінде Шығыс Қазақстанды көрдім. Шынымен, ол жердегі табиғи сұлулықтың шегі жоқ. Ал, Кореяға барсаңыз, Пусан қаласы мен Чеджудоға барсаңыз да сондай табиғатқа куә боласыз", – деді Ку Хонг-сок.


Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!