Маңғыстау облысында құны 30 миллиард теңгеден асатын жер заңсыз берілген

Прокурорлар Каспий теңізі бойындағы жер учаскесін заңсыз беру дерегін анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының прокуратурасы Каспий теңізінің жағалауы бойындағы 3,4 мың гектар жер учаскесін жеке тұлғаға заңсыз беру дерегін анықтады. Кендерлі құмқайыры деп аталатын бұл учаске шығанақтың оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 23 шақырымға созылатын облыстың басты көрікті жерлерінің бірі болып табылады.

"Бастапқыда, 2007 жылы жер учаскесі "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 миллиард теңгеге сатылып, кейіннен "Гелиос" ЖШС-не 3,3 миллиард теңгеге қайта сатылғаны анықталды.

Талдаумен аталған жер учаскесі ЖАО-мен ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз берілгені белгілі болды", - делінген хабарламада.

Жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмегені анықталды.

Осылайша, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылған (Жер Кодексінің 43-бабы).

"Облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізді.

Экономикалық соттың шешімімен талап қоюшының талаптары толық көлемде қанағаттандырылды (заңды күшіне енген жоқ)".

Бүгінгі күнде жер учаскесінің кадастрлық құны 30 миллиард теңгеден асады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!