Кубрин, Силин және Моисеев үйлері. Астананың оң жағалауындағы ғимараттар қашан салынған?

Соңғы бірнеше аптада Қазақстан астанасы алыс-жақын шетелдің назарын өзіне аударды. Жақында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, елорданың бұрынғы атауына ауыстырылуы елдің басты жаңалығына айналып, қызу талқыланды.     

Осы орайда Астананың халықаралық имиджі, туристер үшін тартымдылығы да арта түскендей. Елордаға келген туристердің көбісі Есілдің сол жағалауында орналасқан көз тартар әсем ғимараттарға, зәулім архитектуралық нысандарға қызығатыны белгілі. Дегенмен, оң жағалауда орналасқан ескі қаланың да өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Мұнда көне қаланың тарихынан сыр шертетін ескерткіштер әлі де сақталған. 

Кубрин сауда үйі     

Көпес Кубрин, Силин және Моисеев династияларының үйлері соның айқын дәлелі бола алады. Иван Силин XIX және XX ғасырлардағы ең көрнекті ақмолалық шонжар көпестердің бірі болған. Оны екі қабатты жекежай салдыруға қауқары жеткеннен-ақ байқауға болады. Мұндайға барлық көпестердің батылы бара бермейтін. Ресей империясының провинциялық қалаларында үйлерде екінші қабаттың болуына үлкен баж салығы салынды. Сондықтан көпестер көбіне жартылай жертөле қабаттарын немесе ауласында балконы бар кең шатырлы мансард салдырған.

Силин үйі

Революциядан соң Силиндердің жекежайына Қызыл гвардияның әскері орналастырылды. Кейіннен онда кітапхана мен филармония ашылған. Астана Ақмолаға ауысқаннан кейін үй Беларусь елшілігіне берілді. Ал жақында ғимараттың ішінде караоке клуб ашылыпты.  

Оған көршілес тұрған екі ғимарат көпес Кубриндердің отбасына тиесілі еді. Ақмола енді құрылған кезде саудагерлер династиясының негізін қалаған Константин Кубрин еді. Өкінішке орай, қазір елордада оның кезіндегі құрылыс нысандары сақталмаған. Алайда, оның ұрпағы - ұлдары Матвей мен Андриан, немерелері Василий мен Степан тұрғызған үйлер бар.

Василий Кубрин үйі

Көпестер үйлерінің қасында Василий Кубриннің жекежайы ерекше сәулетімен өзгешеленіп тұратын. Аңыз бойынша, бірде Василий Кубрин фирманың жұмыстарымен Санкт-Петербургқа барған. Сол жерде актриса немесе балерина қызды бір көргеннен ұнатып қалған деседі. Бойжеткен көпеспен бірге Ақмолаға бару үшін бір шарт қойған. Егер Кубрин Петербургтің ең әсем жекежайлары үлгісінде үй салдыратын болса ғана көшуге дайын екенін айтыпты. Әлбетте Василий Кубрин ғашығының қалауын орындап, сәулетті ғимарат тұрғызған. Алайда, жас жұбайлар зәулім үйде көп уақыт тұра алмады. Жекежай 1912 жылы салынып біткен, ал 1917 жылдың соңына қарай Ақмолада Кеңес Одағының билігі орнап, Василий мен Елена Кубриндер баспанасын босатуға мәжүр болды.   

Революциядан кейін жекежайда әр уақытта жұмысшы-крестьяндар клубы, кітапхана, қалалық уездік атқару комитеті және революциялық атқару комитеті, пионерлер үйі, қалалық білім беру бөлімі, ал кеңес билігінің соңғы жылдары өлкетану мұражайы орналасқан. Өткен жылға дейін ғимаратта Украина елшілігі отырған. Қазір ол қалалық мұрағаттың иелігінде.

Бір кездері Василий Кубриннің үйінен жерасты жол арқылы әкесіне тиесілі дүкенге шығуға болатын. Бүгінде "Матвей Кубрин және балалары" сауда үйінде жаңа супермаркет орналасқан. Өткен ғасырдың басында аталған сауда үйі қаладағы ең сәулетті "молл" болған. Жылына бір рет шығатын Сібір сауда-өндірістік журналының мәліметі бойынша, бұл сауда үйінде дәріхана, өндіріс, құрғақ тауарлар, зергерлік бұйымдар, баспа және кеңсе тауарлары, сондай-ақ киім, аяқкиім, сағат, шай және қант сатылған. Дүкеннің қазіргі қожайындары ғимараттың тарихына құрметпен қарайды. Бүгін сауда залдарының бірінде Кубрин отбасының, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген басқа да көпестердің портреттерін көруге болады.     

Горький театры

Елордадағы Горький атындағы Орыс драма театрын да Кубриндердің мұрасына жатқызуға болады. Көпестер отбасы өнерге барынша қолдау көрсетуге тырысып, өз қаражатына бұл ғимаратты әйелдер гимназиясынан сатып алған. Оны қайта тұрғызып, Ақмоланың ғана емес, бүкіл Қазақстанның алғашқы кәсіби өнер ұжымдарының біріне берген.

Ғимарат бірнеше рет қайта тұрғызылғандықтан, алғашқы көрінісін жоғалтқан. 1950 жылдардың соңында мұнда өрт болып, өнер ордасы қайта салынды. Бүгінде театрда тағы да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Қосшығұл мектебі

Әзірбайжан Мәмбетов көшесінде орналасқан тағы бір тарихи ғимаратты қазақстандық шоколадқа, жалпы кондитерлік іске арналған ескерткіш деп санауға болады. Мұнда бір кездері көпес Баймұхамбет Қосшығұловтың қолдауымен ашылған мұсылман жастарының мектебі болды. Бүгінде ғимарат қайта тұрғызылған. Ақмолалық көпес Баймұхамбет Қосшығұлов Қазақстандағы кондитерлік істің негізін қалаушы ретінде тарихта қалды. Көптеген көпестер бал, шығыс тәттілері мен нан-тоқаш өнімдерін өндірумен айналысқанымен, Қосшығұлов бірінші болып қазақтардың рационына сол кезде экзотикалық саналған шоколадты енгізді. Сол жылдары Қосшығұлов Ресей империясының көптеген жәрмеңкелеріне қатысатын. Сонда дәмін татып көрген тәттілердің үлкен сұранысқа ие болатынын болжап, туған өлкесіне әкелуді шешкен. Революцияны бастан кешкен барлық көпестердікіндей Қосшығұловтың да кейінгі тағдыры қайғылы болды. Ол 1918 жылы Ақмолада тырысқақ (холера) ауруына шалдығып көз жұмды. Тәттілер өндіретін бірегей құрал-жабдықтар арзан бағамен сатылып кетті.

Константино-Еленин соборы        

Астананың ең көне ғимараты атағына екі нысан үміткер болып отыр. Біріншісі - Константино-Еленин храмы. Ол 1854 жылы Ақмола қала мәртебесін алған кезде салынған. Көптеген басқа православ ғибадатханалар секілді бұл собор да кезінде біраз қиыншылықтарды көрді. Бірде казармаға, бірде өлкетану музейіне айналды. Ал кейін тіптен жабылып қалды. Дегенмен, соғыс кезінде билік пен христиан қауымдастығы арасындағы қарым-қатынас жылып, 1942 жылы ғибадатхана діни қауым өкілдеріне қайтарылды.    

Сейфуллин мұражайы

Астананың ескі орталығында тарихи ескерткіштердің қатарына кіретін "егіз үйшік" бар. Екі түрлі кезеңде тұрғызылғанымен бұл үйлер бір-біріне қатты ұқсайды. Оның бірі - Сәкен Сейфуллиннің мұражай үйі елорданың ең көне ғимараттарының бірі саналады. Ол 1846 жылы көпестер кеңсесі болып тұрғызылған.

Мұражайдың іші

Ал 1920-1930 жылдары бұл жерде қазақтың әйгілі ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин жұмыс істеген. Негізі, Сәкен Сейфуллин Ақмолада түрлі салада қызмет еткен. Мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, сондай-ақ театр режиссері болды. Ал дәл осы ғимаратта ақын шенеуніктің қызметін атқарды. Қазір мұражай үйде қайраткердің жеке кабинеті бар, тұрмыстық заттары қойылған. Оларды мұражайға ақынның ұрпақтары мен туыстары табыс етті. 

Благовещенскийдің үйі

Ал осы ғимараттың "егізі" - Фёдор Благовещенскийдің үйі XIX ғасырдың соңында ғана тұрғызылған. Негізі, бұларды сол заманның орта санаттағы қарапайым үйлеріне жатқызуға болады. Қанша дегенмен, ағаш үйлердің дәрежесі тастан тұрғызылған көпестердің баспаналарынан төмен саналатын. Бұл үйде Ақмола қалалық ауруханасының меңгерушісі, Маринск училищесінің оқытушысы Фёдор Благовещенский (1881-1938 жылдары) 37 жыл тұрған, науқастарды да осында қабылдаған.        

Жалпы, көне Ақмоланың архитектуралық мұраларын толық зерттеуге көп уақыт керек. Бұдан бөлек, ескі метеостанция, Мариин гимназиясы және кеңес дәуірінің құрылыс нысандары сақталған. Қорыта келгенде, Астана қонақтарының сол жағалаудағы сәулетті ғимараттармен тамсанып қана қоймай, ескі қаланың тарихына бойлап қайтуларына да мүмкіндігі бар. 

Авторы - Константин Козлов
Аударған - Айдар Урисбаев
Фото: АПН