"Қазақстан Темір Жолы" (ҚТЖ) жасырын тексеру барысында Алматы-1 теміржол вокзалында жолаушының билетсіз жүргенін анықтап, оқиғаны видеоға түсірді. Компания кезекті рет азаматтарды билетсіз тасымалдау және билеттерді заңсыз қайта сату деректері туралы хабарлауға шақырды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Бұл жолы Алматы – Қостанай бағыты бойынша №43 жеке пойыздың жолсерігі жолаушыны қолма-қол ақшаға билетсіз тасымалдауға келіскен.
"Тергеу материалдары құқық қорғау органдарына беріледі. Ұқсас тексерулер елдегі барлық вокзалда жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді ҚТЖ баспасөз қызметі.
№43 Алматы – Қостанай пойызы жеке тасымалдаушы "Түрксіб Астана" ЖШС-іне тиесілі екені белгілі. Жалпы, Қазақстанда теміржол жолаушылар тасымалында 14 жеке тасымалдаушы бар.
ҚТЖ заңбұзушылықтарға "нөлдік төзімділік" қағидасын ұстана отырып, азаматтарды билетсіз жолаушыларды тасымалдау және билеттерді заңсыз қайта сату деректері туралы @jolaushylar_tasymaly (direct) парақшасына немесе +7 776 714 5686 WhatsApp нөміріне фото-, аудио- және видеоматериалдармен хабарлауға шақырды.
ҚТЖ мәліметінше, 2023 жыл мен 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында рейдтер барысында пойыздарда 175 заң бұзушылық анықталған, оның ішінде 78 жағдай билетсіз жүрген 144 жолаушыны қамтыған. Қызметтік тергеулер нәтижесінде 65 қызметкермен еңбек шарттары бұзылған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!