Көкжайлаудан Құмбелге дейін. Алматыдағы ең танымал қысқы маршруттар анықталды

Белсенді демалысты ұнататындар қыста Алматыда қай жерлерге бара алады? Tengritravel.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып оңтүстік шаһардағы басты маршруттарға шолу жасап көрді.

Жылдың әр мезгілінде әсемдігімен ерекшеленетін Алматының табиғаты адамды бірден баурап алады. Дегенмен қыста оның әдемілігі арта түседі. Белсенді демалысты жаны сүйетін адамдар үшін қалада танымал қысқы маршруттар жетерлік. Оның ішінде "Үш ағайынды" жартасы және "Құмбел" шыңы, "Горельник" сарқырамасы, Фурманов және "Панорама" шыңы тәрізді жерлер атап өтуге болады. Енді әрқайсысына жеке тоқталып өтейік.

"Үш ағайынды" жартасы және "Құмбел" шыңы

Фото: ©Айнаш Өндіріс

Көкжайлаудан әрі қарай кең жолмен жоғары көтеріліп, өзеннен өту керек. Содан кейін кайтадан жоғары өрлеп, сүрлеумен оңға қарай бұрылыңыз. Тау басына 1,5-2 сағатта шығуға болады. "Үш ағайынды" шыңынан "Құмбелге" жотаны аралап жүру керек. Шыңдағы тастардың бірінде темір тақта орнатылған.

"Горельник"

Әкімдіктің баспасөз қызметі сарқырамаға қалай жетуге болатынын түсіндірді.

Фото: depositphotos.com

"Медеу" мұз айдынындағы "Денсаулық, баспалдағымен" бөгетке жетіп, әрі қарай асфальт жолмен жүріңіз. Жылғадан өтіп, термальды бұлаққа қарай сүрлеумен аяңдаңыз. Сосын қайтадан баспалдақпен көтеріліп, орманшының үйіне оңға қарай бұрылатын жерге дейін барып, жоғарыға апаратын жолмен жүріңіз. Жол-жөнекей екі сарқыраманы көруге болады, - делінген әкімдік хабарламасында.

Көкжайлау

"Ақбұлақ" аялдамасынан төмен қарай құбырдан аққан бұлақ, суына дейін, содан кейін оңға және жоғары қарай өрлеңіз. Маршрутта жол жүруді жеңілдететін сатылар бар. Көкжайлауга 3-4 сағатта шығуға болады. Ар жағында сарқырамаға баратын сүрлеу бар. Қалаға қайту үшін Үлкен Алматы шатқалына қарай бағыт алсаңыз болғаны.

Фурманов және "Панорама" шыңы

"Медеу" мұз айдынынан Кімасар шатқалына қарай солға бұрылып, асфальт жолмен - тұрғын үйлердің, он жағын ала жоғары өрлеңіз. Асфальт бітіп, қара жолға түскен соң көпірден өтіп, тағы да жоғарыға қарай - Фурмановқа дейін көтеріліңіз. Шыңға 4-5 сағатта шығуға болады. "Панорамаға" жету үшін тағы 40 минут қажет болады.

Үлкен Алматы көлі

Тұңғыш Президент саябағынан Nº28 автобусқа отырып, соңғы аялдамаға жетіңіз. Әрі қарай оңтүстік-шығыс жаққа көлік жолымен 7 шақырым жаяу жүру керек. Тас жол құбыр бойымен жүретін соқпаққа ұласады. Сосын қайтадан көлге дейін асфальт жол басталады. Айта кетейік, суға жақындауға болмайды. Себебі бұл стратегиялык нысан.

Фото: depositphotos.com