Қазақстанның қай қалалары туристік жарна бойынша көш бастап тұр?

Жыл басынан бері шетелдіктерден жергілікті бюджетке туристік жарна есебінен түскен қаражат сомасы 314 миллион теңге болған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Туристік жарна түсімі бойынша көш басында - Алматы қаласы. Оңтүстік мегаполиске жалпы соманың 86 пайызы немесе 270,6 миллион теңге тиесілі. Екінші орында 37,7 миллион теңгеден артық туристік жарна жинаған Астана қаласы.

Туристік жарна төлеу (немесе Bed tax) әлемдік тәжірибе екенін ескерсек, шетелдіктер үшін бұл жаңалық емес. Туристік жарна - хостел, жалға берілетін баспаналардан бөлек орналасу орындарында болған әрбір тәулік үшін туристерден алынатын төлем. Туристік жарна мөлшерін жергілікті әкімдіктер белгілейді. Қаражат та жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне түседі.

"Туристік жарнадан түскен қаражат туристік инфрақұрылымды дамытуға, аумақтарды абаттандыруға, туристік мүмкіндіктерді ілгерілету бойынша іс-шараларды іске асыруға бағытталуы керек. Бұл өңірлерге келетін туристердің санын арттыруға ынталандыратын болады", - деді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!