Қазақстанда екі жастан он төрт жасқа дейінгі балаларға әуе билеттері тегін берілетін бағдарлама ашылады. Кaz.tengritravel.kz тілшісі "Кидс гоу фри" туралы толығырақ баяндайды.
Kids go free (балалар тегін саяхаттайды) бағдарламасының негізгі мақсаты - қазақстандықтарды елдің туристік бағыттарында отбасымен демалуға ынталандыру. Мұндай мүмкіндік балалар әуебилеттерін субсидиялау арқылы беріліп отыр. Мәдениет және спорт министрлігінің болжамынша, мұндай жеңілдік демалысты 30 пайызға дейін арзандатуға мүмкіндік береді.
Kids go free бойынша қайда ұшуға болады
Тегін әуе билеттері туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған басым туристік аймақтардың (БТА) топ-10 бағыты бойынша қолжетімді болады. Оларға мына аймақтар кірді:
1) Алакөл көлі;
2) Алматы өңірінің тау кластері;
3) Щучье-Бурабай курорт аймағы;
4) Баянауыл курорт аймағы;
5) Имантау-Шалқар курорт аймағы;
6) Балқаш көлі;
7) Түркістан;
8) Маңғыстау жағажай демалыс аймақтары;
9) Нұр-Сұлтан қаласында MICE-туризмді дамыту (корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізуге байланысты іскерлік туризм - ред. еск.);
10) Байқоңыр ғарыш айлағы.
Қазақстандағы туроператорларға шетелдік турист үшін 15 мың теңгеден төленеді
Фото Юлия Чернявская
Қанша күн демалу керек
Тегін билеттер саны бойынша шектеу жоқ. Дегенмен, кей жағдайды ескеру керек. Kids go free қосылған туристік өнімді сатып алғанда, турист жоғарыда аталған жерлерде кемінде бес күн және төрт түн үзіліссіз қалуға міндетті. Егер сіз бірден бірнеше жерге баруды жоспарласаңыз, онда сіз кем дегенде екі күн және бір түн тұруыңыз керек. Тұру уақытының жалпы саны бес күннен және төрт түннен кем болмауы керек. Бұл жағдайда балаларға арналған тегін әуе билеттері бірінші локациядағы әуежайға дейін және соңғы локациядағы әуежайдан ұсынылады. Яғни, сіз бір емес бірнеше рет ұшуды көздесеңіз, ең алғашқы және соңғы рейстің билеті ғана тегін болады. Екі мекенжайдың арасындағы билеттер мен көлік шығындарын турист өтейді.
Сондықтан әр жерде кемінде бес күн және төрт түн тұру арқылы туристік қызметтерді сатып алған тиімді. Осы шарттар бойынша балаларға арналған тегін билеттер барлық жердегі әуежай арасында ұсынылатын болады.
Мысалға былай: бес адамнан тұратын отбасы (ата-анасы және 2-14 жасқа дейінгі үш бала) Алматы облысының Алакөл жағалауында Нұр-Сұлтан - Алматы - Үшарал - Нұр-Сұлтан әуе маршруты арқылы Шымбұлақ курортына баруды жоспарлады.
Егер отбасы Шымбұлаққа бес күнге және Алакөл жағалауына жеті күнге баруға болатын туристік өнімді алса, онда тек ата-ана үшін билет құнын төлеу керек.
Тиісінше, әрбір басым туристік аймақта тұратын күндер саны аз болған жағдайда, отбасы барлық маршрут бойынша ата-ана үшін билеттердің құнын және үш балаға Алматы-Үшарал бағыты бойынша билет құнын төлеуге мәжбүр болады.
© kompastour.kz
"Кидс гоу фриді" туыстарға бару үшін қолдануға бола ма?
Балаларға арналған тегін әуе билеттері Kids go free опциясы қосылған отандық туристік өнімдер аясында ғана қолжетімді болады. Бұл ретте бағдарламаның талаптары бойынша бір ересек адаммен (ата-ана немесе баланың заңды өкілі) екі баладан артық ұша алмайды. Яғни, бір ересек адам екі баламен ұшады. Үшінші бала үшін тағы бір ересек билет алу керек. Бағдарлама бір баласы бар отбасы үшін де, көпбалалы отбасылар үшін де қолжетімді.
Сіз қонақүйлерде, мотельдерде, лагерьлерде, туристік базаларда, демалыс үйлерінде, пансионаттарда тұра аласыз. Ал туысқандарға немесе достарға бару үшін билет тегін болмайды.
Турпакеттер ішкі туризм саласындағы туроператорлар не турагенттер арқылы беріледі. Тұратын жердің бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде жасалады. Сондықтан, тұру шарттары, тамақтану және басқа опциялар туристердің қалауына және туроператор таңдаған орналасу мүмкіндіктеріне байланысты болады.
Бағдарлама қашан басталады
Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі қазір Kids go free бағдарламасы ҚР Парламенті Сенатында қаралу сатысында екенін және туристік қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін бекітілетінін түсіндірді.
Сондықтан, балаларға арналған тегін әуе билеттері бар турлар әлі шығарылмаған. Мұндай турпакеттерді ішкі нарықта жұмыс істейтін отандық туроператорлар жасай алады деп жоспарланған. Тур бағасын олардың интернет-ресурсынан қарауға болады.
Еске салайық, балаларға әуе билеттерін тегін ұсыну бастамасы отандық туризмді қолдау үшін 163 миллиард теңге қаржыландыру аясында қолға алынды.