Қазақстандық әуекомпания жазғы кезеңге халықаралық рейстердің жиілігін арттырады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
Air Astana мәліметінше, компания Алматыдан Анталия, Батуми, Дели, Бішкек, Сеул, Ташкент және Тбилиси, ал Атыраудан Амстердамға халықаралық бағыттар бойынша ұшу жиілігін арттыруды жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, қазір Алматыдан Анталияға аптасына 10 рейс жасалады, ал 6 маусымнан бастап олардың саны үшке артады.
Алматыдан Батумиге ұшатын рейстер саны 13 маусымнан бастап аптасына бір рейске көбейеді. Қазір төрт рейс бар.
12 маусымнан бастап Алматыдан Делиге ұшатын рейстердің жиілігі бір рейске артады. Қазір үш рейс ұшады.
Алматыдан Бішкекке шілдеден бастап рейстер жиілігі үш рейске артады. Қазір қалалар арасында аптасына тоғыз рейс жасалады.
Қазіргі уақытта Алматыдан Сеулге аптасына төрт рейс жасалады, ал 7 маусымнан бастап олардың саны бір рейске көбейеді.
Алматыдан Ташкентке аптасына жеті рейс ұшады. Егер компания рұқсат алса, олардың саны 17 маусымнан бастап үшке артуы мүмкін.
Ал 4 маусымнан бастап компания Алматыдан Тбилисиге бір рейске ұшу жиілігін арттыруды жоспарлап отыр. Қазір аптасына төрт рейс жасалады.
Сонымен қатар, 19 шілдеден бастап Атыраудан Амстердамға аптасына орындалатын рейстер саны артады. Қазір жиілік - үш рейс, төрт болады.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!