Қазақстанға Қытайдан келуші туристер саны 8,5 есе көбейген

2023 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық қонақүйлер 43 миллиард теңге табыс тапқан, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі. Қаңтар айынан наурызға дейін еліміздің қонақүйлерінде 228 мың шетелдік тоқтаған.

Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жлыдың алғашқы үш айында Қазақстандағы қонақүйлер 26,3 миллиард теңге кіріс көріпті. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл табыс 1,6 есе артқан.

Биыл Қазақстандағы қонақүйлер саны 4 мыңнан асты, ал олардың ортақ сыйымдылығы 203 мың орын.

"Шетелдік және ішкі туристер санының артуына байланысты қонақүй қызметі де өсті. Мәселен, жаз бастала біздің елге келген шетелдік демалушылар саны былтырға қарағанда үш есе артқан.

Қытайдан - 8,5 есе, Үндістаннан - 4,7 есе, Оңтүстік Кореядан - 3,8 есе, Ираннан - 3,8 есе, Германиядан - 3 есе, АҚШ-тан - 2,2 есе", - дейді мәдениет министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиева.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!