Қазақстандықтарға БАӘ әуежайлары туралы не білу қажет?

Қазақстандықтарға БАӘ-нің екі әуежайы - Дубай мен Шарджаға тікелей рейстер қолжетімді. Осы және басқа да әуежайлар мен кіру ережелері туралы пайдалы ақпаратты Kaz.tengritravel.kz порталы және Aviata.kz сервисі материалынан оқи аласыз.

БАӘ мен Қазақстан арасында ұшақтар аптасына 43 рет ұшады. Рейстер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Шымкенттен Дубай мен Шарджаға дейін ұшады.

  • Нұр-Сұлтан-Дубай - аптасына 14 рет;
  • Алматы-Дубай - аптасына 20 рет;
  • Шымкент-Дубай - аптасына екі рет
  • Ақтау-Дубай - аптасына екі рет;
  • Нұр-Сұлтан-Шарджа - аптасына екі рет;
  • Алматы-Шарджа - аптасына үш рет.

Дубай әуежайы қаладан бес шақырым жерде орналасқан. Ол әлемдегі ең адам көп әуежайлардың бірі болып саналады. Мұндағы жолаушылар тасымалы жылына 90 миллион адамға, ал жүк тасымалы жылына 2,1 миллион тоннаға дейін жетеді. Үш жолаушылар терминалы, бір жүк терминалы және бір VIP терминал бар. № 3 терминал әлемдегі ең үлкен терминалдардың бірі болып саналады. Әуежайда ұзындығы 4 және 4,5 шақырым болатын екі ұшу-қону жолағы бар.

Үш DXB терминалдары бір-біріне жақын орналасқан. Ұшу алдында терминал нөмірін дұрыс білетініңізге көз жеткізу өте маңызды. №3 терминал барлық Emirates және Qantas рейстеріне арналған. №1 терминал барлық басқа халықаралық рейстерге арналған, ал № 2 терминал аймақтық және арзан әуекомпанияларына арналған.


© Shutterstock

Қазақстаннан көптеген рейстерге қызмет ететін № 1 терминал (Sheikh Rashid Terminal), басты терминал болып табылады. Ол 2000 жылы салынған. Оның аумағында жолаушылардың жайлылығы үшін барлығы бар: барлар, дәмханалар, демалыс орындары, бизнес-орталық, бес жұлдызды қонақүй, сауықтыру клубы, Dubai Duty Free дүкені, медициналық орталық және намазхана. №1 Терминал №3 терминалымен метро арқылы қосылады. Сонымен қатар, әуежайда тегін автобустар жүреді.

№2 терминал Fly Dubai рейстеріне, сондай-ақ Иран мен ТМД елдерінен жүк және чартерлік рейстерге қызмет көрсетеді. Терминал аймағында бірінші және бизнес кластағы жолаушыларға арналған залдар, мейрамханалар мен 2600 орындық автотұрақ, Duty Free дүкендері бар.

Келесі рейске дейін әлі бір сағаттан астам күту қажет болса және қалаға барғыңыз келмесе, бизнес-класс залына кіру билетін бір адамға 180 дирхамнан (шамамен 21 000 теңге) сатып ала аласыз. Билет сізге № 1, № 2 және № 3 терминалдарындағы залдарға кіруге мүмкіндік береді, мұнда орын көп, тегін Wi-Fi, халықаралық швед үстелі және қосымша төлемге шағын душ та бар.


© Shuttesrtock

IATA коды: DXB

Анықтама телефоны: +971 4 224 5555

Онлайн-табло: https://www.dubaiairports.ae/flight-status  

Дубай әуежайы өте үлкен және мұнда адасып кету оңай. Сондықтан көптеген туристерге әуежай мен терминалдардың картасын жүктеп алуға, сондай-ақ оны алдын ала қағазға басып шығаруға кеңес беріледі.

Дубайға кіру талаптары

Кіру ережелеріне сәйкес, қазақстандықтар вакцина мәртебесіне қарамастан, кетуге 72 сағаттан кешіктірмей сол елде алынған COVID-19 ПТР-сынағының теріс нәтижесін көрсетуі керек. 12 жасқа толмаған балалар және орта немесе ауыр мүгедектігі бар жолаушылар ПТР-сынағынан босатылады.

ПТР нәтижесі тек ағылшын немесе араб тілдерінде болуы керек, әрі басып шығарылған сертификат ретінде көрсетілуі қажет. Қолмен жазылған сертификаттар қабылданбайды. Кейбір жолаушыларға келген соң қосымша сынақтан өтуі қажет болуы мүмкін.

БАӘ-де бекітілген вакциналар тізімі: Sinopharm, Pfizer-BioNTech, "Спутник V", Oxford/AstraZeneca, Johnson & Johnson, Moderna, Jamalika ("Спутник V").


© Shutterstock

Дубайға келген барлық жолаушылар денсаулық туралы декларацияның толтырылған үлгісін алып жүруі керек. Үлгі Дубайға келгеннен кейін және қайтатын кезде толтырылады. Дубайға барар алдында барлық туристер қозғалыстарды бақылап, коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда медициналық мекемелермен жедел байланысу үшін геолокация қызметі бар арнайы қосымшаны смартфонына жүктеп алуы керек. Егер транзиттік жолаушы болсаңыз және қалаға кіруді жоспарламасаңыз, қосымшаны жүктеудің қажеті жоқ.

Абу-Даби әуежайы - елдегі екінші үлкен әуежай, астанадан 32 шақырым қашықтықта орналасқан. Әуежай жұмысында көптеген жаңа технологиялар қолданылады. Ол жыл сайын 25 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді.

2021 жылдың 17 желтоқсанында араб лоукостер әуекомпаниясы Абу-Дабиден Алматыға тікелей рейс ашты. Алайда 2022 жылдың 5 қаңтарында Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты бұл рейс тоқтатылды. Бүгінгі күнге дейін бұл рейс қалпына келтірілмеген.

Қызық дерек

2009 жылы әлемде алғаш рет Абу-Даби әуежайы адамның жеке басын анықтауға болатын технологияны қолдана бастады. Көз, мұрын, құлақ арасындағы қашықтықты анықтайтын, мимиканы оқитын, мұрынның пішінін, бет сүйектерінің орналасуын анықтайтын беттің өте дәл электронды көшірмесінің арқасында адамның жеке басын 100 пайыз дәл анықтауға мүмкіндік береді.


© Shutterstock

Абу-Даби әуежайының барлық терминалдары бір ғимаратта орналасқан және дәліздер арқылы қосылған. №1 терминал - негізгі, 20-дан астам әуекомпанияға қызмет көрсетеді. Терминал 1А Gulf Air рейстеріне қызмет көрсетеді. 2-терминалды 12 әуекомпаниясының жолаушылары пайдаланады. Үшінші терминал Etihad Airways үшін 2009 жылы салынған. Жаңа, төртінші терминалды іске қосу жоспарлануда.

Әуе айлағында ұзындығы 4100 метрді құрайтын бір-біріне параллель орналасқан екі ұшу-қону жолағы орнатылған. Осының арқасында әуежай барлық ұшақ түрлеріне қызмет көрсетеді.

Терминалдарда туристерге көптеген қызмет түрлері ұсынылады. Жүкті орау, медициналық қызметкерлер, валюта айырбастау, салықсыз дүкендер (Duty Free), мейрамханалар мен кафелер, жүкті сақтау. Жолаушыларға арналған екі қонақүй бар. Сонымен қатар, әуежай қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті көмек те көрсете алады. Бұл қызметті пайдалану үшін турагенттікке немесе әуекомпаниясына кемінде 48 сағат бұрын ескерту қажет.

Абу-Даби халықаралық әуежайының карталары ресми веб-сайтта қолжетімді.

IATA коды: AUH

Анықтама телефоны: +971 (02) 505-55-55

Онлайн-табло: https://www.abudhabiairport.ae/en 

Абу-Дабиге кіру ережелері

Абу-Дабиге келетін вакцина алған туристер ICA UAE Smart қолданбасын жүктеп алуы немесе smartservices.ica.gov.ae сайтына кіріп, сапарға дейін бес күн бұрын келуді тіркеу үлгісін толтыруы, сондай-ақ, вакцинация туралы куәлікті, PDF форматындағы фотосуреті мен төлқұжатының электрондық көшірмесін енгізуі қажет.

Сауалнаманы қарау 48 сағатқа дейін созылады. Тіркелгеннен кейін турист тіркеуді растау және вакцинация сертификатын тексеру нәтижесі бар SMS-хабарлама алады және сынақ нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік беретін Al Hosn қосымшасын (қазақша Ashyq-тың аналогы) жүктеп алу сілтемесі болады.


Сурет www.abudhabiairport.ae сайтынан

Сонымен қатар, Абу-Дабиге ұшу үшін қабылдаушы елден кетуден 48 сағат бұрын алынған теріс ПТР-сынағы қажет. Қазірдің өзінде Абу-Дабиде төлқұжаттық бақылау кезінде әрбір турист код (Unified ID) алады, оны тіркеуді аяқтау үшін Al Hosn қосымшасына енгізу қажет. Талаптар туралы толығырақ мына жерден оқыңыз.

Сондай-ақ, Абу-Даби әуежайында тегін ПТР-сынағын тапсырып, оны Al Hosn қосымшасына енгізу керек (әдетте нәтиже 90 минутта дайын болады). Құрамына Қазақстан кіретін "жасыл" елдерден келетін вакцинацияланған жолаушылар алтыншы күні (бірінші күн ретінде келген күнді есептегенде) тағы бір ПТР-сынағынан өтуі қажет. Басқа тізімдегі елдерден келгендер - төртінші және сегізінші күні.

12 жасқа дейінгі балалар ПТР-сынағынан босатылады. 12 мен 16 жас аралығындағы туристерге Абу-Дабиге кіру үшін екпе алудың қажеті жоқ. ICA веб-сайтында тіркелгеннен кейін және келген кезде ПТР-сынағының теріс нәтижесін алғаннан кейін, Al Hosn қосымшасында "жасыл" күйі автоматты түрде жанады.


© Shutterstock 

"Жасыл тізімдегі" елдерден келген вакцина алмаған туристер де сайтқа (немесе қосымшада) тіркеледі, ПТР-сынағын тапсырады және карантинге жатқызылмайды. Дегенмен, Абу-Дабиде Al Hosn қолданбасында "қызыл" мәртебесі бар вакцина алмаған саяхатшылардың қоғамдық орындарға баруы мүмкін емес. Сондай-ақ, алтыншы және тоғызыншы күнде ПТР-сынағын тапсыруы қажет.

"Жасыл" тізімде жоқ елдерден келген вакцина алмаған туристер оқшауланып, карантинге жатқызылады.

"Жасыл тізімдегі" елдер тұрақты түрде жаңартылып отырады және оны visitabudhabi.ae сайтынан көруге болады.

Шарджа әуежайы көбінесе БАӘ бюджеттік әуекомпанияларына қызмет көрсетеді. Бұл әуежайдан әлемнің 300-ге жуық бағытына қол жеткізуге болады. Ғимарат Дубай әуежайы, Шарджа және Аджман арасында ұтымды орналасқан. Әуежай Шарджа қаласынан 13 шақырым жерде орналасқан. Жолаушыларға қызмет көрсететін бір терминал, жүктерге арналған бес терминал бар.

Әуежайда Шарджа әуежайының мобильді қосымшасы навигацияға және рейсті жіберіп алмауға көмектеседі. Жолаушыларға күту залдары, валюта айырбастау, үлкен фуд-корт, дүкендер, VIP зал, Wi-Fi, автокөлікті жалға алу, банкоматтар мен қонақүй, намазхана, ана мен бала бөлмесі, медициналық көмек көрсетіледі. Әуежайда таксофондар орнатылған, олардан халықаралық бағытқа қоңырау шалуға болады, Шарджаға қоңырау шалу тегін.

IATA коды: SHJ

Анықтама телефоны: +971 (06) 558-11-11.

Онлайн-табло: https://www.sharjahairport.ae/en/ 

БАӘ-де тағы төрт әуежай бар. Әл-Мактум - Дубай халықаралық әуежайы, қала орталығынан 44 шақырым жерде орналасқан. 2010 жылы салынған ол жылына бір миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Әуежайдың инфрақұрылымы үнемі дамып келеді, қазіргі уақытта төрт жолаушылар терминалы және бір жүк терминалы жұмыс істейді. Фуджейра әуежайы әмірліктің орталық бөлігінен үш шақырым жерде орналасқан. Фуджейра әуежайы негізінен іскерлік және жеке ұшақтарға қызмет көрсетеді. Ол 1987 жылы іргесі қаланған және содан бері жолаушыларға ыңғайлылық пен жайлылық көрсететін соңғы технологиялармен жабдықталған. Рас-әл-Хайма әуежайы азаматтық әуекомпанияларынан тұрақты рейстерді қабылдайды. Әл-Дафра әуежайы Абу-Дабиден 38 шақырым, Әл-Айн әуежайы Әл-Айн қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан.

Aviata.kz - үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, әлемнің қалаған нүктесіне теміржол және әуе билеттерін кез келген бағытта онлайн режимінде табуға, брондауға және сатып алуға мүмкіндік беретін сервис.

Әуе және теміржол билеттерін сатып алуға болатын "Авиата" қосымшасын мына сілтеме бойынша жүктеуге болады.