Қазақстандықтар Мальдив аралдарына ұша алмайды: себебі айтылды

Air Astana әуекомпаниясы Мальдив аралдарына тікелей рейстердің тоқтауының себебін айтты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Әуекомпания өкілдері рейстердің көктем-жаз кезеңінде тоқтатылатынын мәлімдеді.

"Мальдив аралдары - Air Astana әуекомпаниясында маусымдық бағыт. Мале қаласына рейстер сәуірден бастап көктем-жаз кестесі бойынша тоқтатылады", - деді әуекомпанияның баспасөз қызметінің өкілдері.

Осыған дейін, Air Astana 28 наурыз, 1 және 2 сәуірде Мальдив аралдарына соңғы рейстер ұшатыны туралы мәлімдеме жариялады. Nomad Club пайдаланушылары осындай хабарлама алды.

Қазақстаннан Мальдив аралдарына тікелей рейстер 2020 жылдың қараша айында іске қосылды. Бұл жолға кететін уақытты екі есеге азайтып, Малені қолжетімді бағытқа айналдырды.

Пандемия кезінде аралдар қазақстандықтар арасында ең танымал бағыттардың біріне айналды. Мәселен, 2021 жылдың қаңтарында Мальдив аралдарындағы туристік ағын көлемі бойынша Қазақстан Ресейден (20 973 турист), Үндістаннан (19 135 турист) және Украинадан (7 210 турист) кейін 4 434 туристпен төртінші орынға ие болды.

2022 жылы мамырда Қазақстан мен Мальдив Республикасының үкіметтері визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды, бұл екі елдің азаматтарына басқа елдің аумағына 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге кіруге және тұруға мүмкіндік береді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!