Қазақстандықтар "азиялық Лас-Вегасқа" визасыз бара алады

Қазақстан мен Макао азаматтарын визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Құжат жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды. Қоғамдық талқылаулар 7 наурызға дейін жалғасады.

Келісім жобасына сәйкес Қазақстан мен Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы саналатын Макао азаматтары виза рәсімдемей-ақ екі жаққа да емін-еркін саяхаттай алады. Яғни екі елдің азаматтары визасыз 14 күн жүре алады.

"Макаода тұрақтауды, оқуды және жұмысқа орналасуды көздемейтін төлқұжаттары бар Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы әкімшілік ауданның аумағына 14 күнге визасыз кіріп-шығып, транзит арқылы да өте алады", - делінген құжат жобасында.

Макао - Қытайдың оңтүстігіндегі шағын қала. Ол өзінің бай мәдени мұрасымен және ерекше сәулетімен баурап алады. Қала 1999 жылға дейін Португалия колониясы болды. Қазір бұл туристік мекеннен Португалия шіркеулерін, әдемі көне көшелер мен алаңдарды көруге болады.

Алайда, тарихи көрнекі жерлерінен бөлек, Макао Азия құрлығының құмар ойын ордасы - "азиялық Лас-Вегас" ретінде танымал. Құмар ойын мен казино орталығына айналған қалаға жыл сайын миллиондаған турист келеді. Жарқыраған зәулім ғимараттар, сәнді қонақүйлер Макаоны ерекшелендіре түседі. Қазір қала аумағында 33 казино бар.

Айта кетейік, Макао әлемдегі ең көп қоныстанған қалалардың бірі саналады. 32,9 шаршы шақырым аумаққа созылған туристік аймақта шамамен 680 мың халық тұрады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!