Қазақстандықтар алғаш рет әлемдегі ең қиын шыңды бағындырды

Қазақстандық альпинистер мен олардың литвалық әріптесі алғаш рет Аргентинадағы Cerro Torre шыңына шықты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Экспедиция қатысушысы, қазақстандық Денис Лукянчук редакцияның WhatsApp нөміріне хабарласып, суреттер жіберіп, шыңды қалай бағындырғанын айтып берді. Олар биылғы маусымда Cerro Torre шыңына жеткен үшінші команда атанды. Команда құрамы келесідей болды: экспедиция жетекшісі Омар Әсербеков, команда капитаны Григорий Щукин, оператор Денис Лукянчук және Мариус Грузаускас.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Команданың тауға шығуы бес күнге жалғасты. Олар 60 шақырымдық асулар мен мұздықтарды кесіп өтті. Сонымен қатар альпинистер тобы 1700 метр биіктікке көтеріліп, "Рагни" маршрутын бағындырды. Сапар барысында олар күрделі рельефке тап болды. Экспедиция қатысушысының айтуынша, көптеген техникалық учаске жоғары санатқа, яғни 6-санатқа жатқызылды. Патагонияда олар басқа шыңдарға да көтерілді. Олардың ішінде Mojon Rojo, Aguja Poincenot, Aguja Medialuna бар.

Денис Лукянчук команданың батылдығына таңғалғанын жасырмады. Сонымен қатар ол альпинистер туралы фильм түсіру жоспарда бар екенін атап өтті.

"Біз Қазақстанда альпинизмді насихаттауға тырысамыз. Оның қауіптілігі мен тектілігі туралы қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл әлемге жария еткіміз келеді. Бұл жоба біз үшін өте маңызды және оны болашақта жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Біз Пәкістанға, АҚШ-қа немесе Жаңа Зеландияға жаңа экспедицияға шығу мүмкіндігін талқылап жатырмыз", - деді қазақстандық.

Айта кетейік, Cerro Torre - Аргентина мен Чили шекарасында орналасқан Оңтүстік Патагониядағы ең танымал және адам аяғы жетуі қиын таулардың бірі. Cerro Torre шыңында қатты жел салдарынан мұздақтар пайда болған. Бұл шыңға жетуді қиындата түседі.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!