Енді шетелде жүрген қазақстандықтарға елге ораларда ПТР-тест тапсыру үшін өз бетінше зертхана іздеудің қажеті жоқ, бұл шаруаны туроператорлар атқарады. Ол турпакетке сервистік қызмет болып енгізіледі. Ал шетелде ПТР-тест бағасы 25 доллардан жоғары болуы мүмкін, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz порталы "Атамекен" ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Турпакеттерге міндетті ПТР-тест жасау енгізілді. Енді шетелде жүрген қазақстандықтарға елге ораларда тест тапсыру үшін өз бетінше зертхана іздеудің қажеті жоқ, бұл шаруаны туроператорлар атқарады. Мұндай шешім Коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданып, 20 наурыздан бастап күшіне енді.
"Өткен жылдан бері шетелден Қазақстанға келгенге дейін ПТР-тест жасау керек пе, әлде ұшаққа отырарда тестілеудің барын тексеру керек пе дегенге қатысты пікірталас жүріп жатыр. Ұшақ жолаушыларының қауіпсіздігі үшін тестілеу нәтижесінің алдын ала болғаны дұрыс екені анық. Осы ретте түрлі себепті айтып, тестілеуден өтпейтін азаматтарымыз да бар. Бір жағдайда адамдар тестілеуді өткізуге үлгермей қалдық десе, кейбірі зертхана таппадық дейді. Енді бірі қаражатының жетпей қалғанын алға тартады. Бірақ жақында шетелден екі адам COVID-19 жұқтырып, елге оралған", - деді "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.
Юлия Якупбаеваның айтуынша, мұндай талап әлемнің бірнеше елінде қолға алынған.
"Дүние жүзінің әуекомпаниялары жолаушылар ағынын қауіпсіз жолмен арттыру жолдарын іздестіріп жатыр. Жақында ғана Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) өкілдерімен кездестік. Олар әр ел бойынша саяхатқа қойылатын талаптарға негізделген Travel Pass пилотын іске қосты. Ұшаққа кірерде коронавирусқа тест нәтижесі сұралады. Қазіргі кезде пилоттық жоба Emirates Airlines, Etihad Airways, Qatar Airways, Singapore Airlines атты 4 компанияда сыналып жатыр. Ресейде ЕАЭО елдері тұрғындары үшін "COVID-19-сыз саяхатта" сервисі әзірленді", - деді Юлия Якупбаева.
ПТР нәтижелері болмаса, азаматтарды ұшақ бортына отырғызбау туралы ұсыныс – Қазақстан туроператорлары қауымдастығының бастамасы. Ұйым төрағасы Инна Рейдің айтуынша, бүгінде тұрақты чартерлік рейстердің басым бөлігін туроператорлар ұйымдастырып отыр.
"Біз бүкіл жауапкершілікті түсініп отырмыз. Шетелге шығарда тестілеуді өткізу талабына қарамастан адамдар Қазақстанға коронавирусты жұқтырып оралып жатыр. Мұны талдау барысында анықтап отырмыз. Осы жайт шетелге ұшуды қауіпті етеді. Жолаушылар 3 сағаттан астам уақыттан бойы бортта бірге ұшып келеді. Сондықтан біз ПТР-тестілеу қызметін турпакет құнына қосуды ұсындық. Бұл шара дер кезінде қолға алынып жатыр деген ойдамын", – деді Инна Рей.
ДСМ қазақстандық туристерге арналған ПТР-тест туралы шешімді түсіндірді
Енді ПТР-тест ұшуға дейін тапсыру сервистік қызмет болады, демек, қазақстандықтар анализ тапсыру үшін өз бетінше зертхана іздеп сабылмайды.
"Азаматтар медициналық орталыққа барып тест тапсырады немесе дәрігерлер биоматериалды алу үшін қонақүйге өздері келеді. Бұл сервистік қызмет болып ұсынылады", – деді Инна Рей.
ITours туроператордың бас директоры Салтанат Омарова ақылы тестілеу енгізілген елдерде турпакеттегі ПТР-тест 25 доллардан жоғары болуы мүмкін екенін атап өтті.
"Біз қазақстандықтар турпакет сатып алмайды деп алаңдап отырған жоқпыз. Туристердің басым бөлігі мұндай шараның енгізілгеніне қуанышты, өйткені үйге қайтарда уайымдамай, олар үшін алдын ала ұйымдастырылады", - деді Салтанат Омарова.
Айта кетейік, турист тест үшін қосымша қаражат төлеуден бас тартса, оған турпакет сатылмайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!