Қазақстанда заңсыз жүрген 13 шетелдік пойыздан түсірілді

Үндістан мен Тәжікстанның 13 азаматы Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Барлығы пойыздан түсірілді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.

Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ташкент–Алматы бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру кезінде еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған 21 және 37 жас аралығындағы Үндістанның 9 азаматын анықтады. Олар заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін 10 тәуліктен астам уақыт ішінде елден кетуден жалтарған.

"Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", - деп жазады басылым.

Көлік полицейлері осыған ұқсас құқық бұзушылықты Түркістан – Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру кезінде де анықтады. Бұл жолы Тәжікстан Республикасының 4 азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, сот шешімімен әрқайсысына 25 АЕК (86 250 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жоғарыда аталған шетел азаматтары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберу түрінде жауапқа тартылды.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері көлік полицейлері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1178 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде ҚР-да болу ережелерін бұзған 951 шетелдік азамат бар. Соттардың қаулысымен елімізден 232 шетелдік азамат шығарылды.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!