Қазақстанда теміржол билеттерінің тапшылығы байқалады

Қазақстанда теміржол билеттерінің тапшылығы байқалады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Жазғы демалыс уақытында аттанардан бірнеше күн бұрын билетке қолжеткізу қиын болып жатыр.

Осындай демалыс кезі алып-сатарлардың да "олжаға" бататын маусымы. Журналистерге керек билетті бірнеше күн, тіпті керек болса, бірнеше сағатта тауып бере алатын адамның нөмірін вокзалдағы жолаушылар айтып жіберді. Ал мұндай адамдар ісін жақсылап жүйелеп алған көрінеді. Міне осындай адамдардың кесірінен көптеген жолаушы жолдан қалып жатыр десе болады.

"Бес күн бұрын осында жұмыстарыммен келдім. Енді Шымкентке қайтайын десем, маған: "бір-бір жарым ай бұрын алып қоймадыңыз ба билетті" дейді. Ал мен ісім қашан бітетінін білмедім ғой мысалы", - дейді Астана қонағы.

"Өткен жолы кассаға бардық, билет болмады, сол кезде басқа адамдар келіп, үстеме бағамен сол бағытқа билет ұсынды", - дейді өзге жолаушы.

"Теміржол вокзалында билет болмады. Сосын мен тіркелдім де, маған орын бос деген жауап келді. Тіркеліп алып, 15 минутта билет алуға болады", - дейді үшінші адам.

Билетті алып-сатарлардан алғанша, жеті күн бұрын адамдарға күту тізіміне еніп, жол жүруден бас тартқан адамның орнын алуға кеңес береді. Жыл басынан мұндай қызметті 40 мыңдай адам пайдаланыпты.

"Теміржол тасымалы" компаниясыныуң өкілдері билет тапшылығы бірінші кезекте теміржол вагондарының жетіспеушілігіне байланысты деп мойындады. Осы мәселені шешу үшін биыл отандық өндірістегі 100 вагон, ал тағы екі жылда 250 вагон алынбақ екен.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!