Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин шетелдіктерге туристік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.
"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 10-4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: Қоса беріліп отырған Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу қағидалары бекітілсін. Осы қаулы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс", - делінген құжатта.
Шетелдіктер үшін туристік жарнаны төлеу ережесі ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен бекітілген.
Құжатқа сәйкес, шетелдіктер үшін туристік жарна жатақханаларды, қонақүйлерді, қалалар мен аудандардағы жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда, туристерді орналастыру орындарында болған әрбір тәулік үшін алынады.
Шетелдіктер үшін төленуге тиісті алынатын туристік жарна сомасы тұру құнына енгізілмейді. Шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелерін жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың негізінде әзірлейді және тиісті мәслихатқа бекітуге ұсынады.
Шетелдіктер үшін туристерді орналастыру орындарындағы туристік жарнаға мынадай мөлшерлемелер қолданылады:
- 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғанда – болу құнының 0 (нөл) пайызы;
- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – болу құнының бес пайызынан аспайды.
Шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелерін жергілікті атқарушы орган осы Қағидалардың негізінде әзірлейді және тиісті мәслихатқа бекітуге ұсынады.
Шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемелерін есептеу өткен күнтізбелік жылдың өзекті статистикалық деректері негізінде жүргізіледі.
Туристерді орналастыру орындарында шетелдік туристер саны өткен күнтізбелік жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда төмендеген жағдайда шетелдіктер үшін туристік жарнаның мынадай мөлшерлемелері қолданылады:
- бес пайызға дейін – болу құнының бес пайызы мөлшерінде;
- бес пайыздан он пайызға дейін – болу құнының төрт пайызы мөлшерінде;
- он пайыздан он бес пайызға дейін – болу құнының үш пайызы мөлшерінде;
- он бес пайыздан жиырма пайызға дейін – болу құнының екі пайызы мөлшерінде;
- жиырма пайыз және одан жоғары – болу құнының бір пайызы мөлшерінде.
Туристерді орналастыру орындарында шетелдік туристер саны өткен күнтізбелік жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда артқан жағдайда шетелдіктер үшін туристік жарнаның мынадай мөлшерлемелері қолданылады:
- бес пайызға дейін – болу құнының бір пайызы мөлшерінде;
- бес пайыздан он пайызға дейін – болу құнының екі пайызы мөлшерінде;
- он пайыздан он бес пайызға дейін – болу құнының үш пайызы мөлшерінде;
- он бес пайыздан жиырма пайызға дейін – болу құнының төрт пайызы мөлшерінде;
- жиырма пайыз және одан жоғары – болу құнының бес пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!