ВАК-тың келесі отырысында Ресей Федерациясымен құрлық шекарасын ашу мәселелері талқыланады. Бұл туралы Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасында жазылды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
Ведомствоаралық комиссия Денсаулық сақтау министрлігіне Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерімен, ҰҚК Шекара қызметімен, сондай-ақ облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен және "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, Ресей Федерациясымен құрлық шекараларын ашу мәселесін пысықтауды тапсырды.
"Ресей Федерациясымен құрлық шекарасын ашу мәселелері бойынша ВАК-тың келесі отырысына келісілген ұсынысты пысықтау және енгізу керек", - делінген ВАК отырысының 2021 жылғы 2 маусымдағы хаттамасында.
БАҚ-тың соңғы ақпаратына сәйкес, қазір қазақстандықтарға Ресей Федерациясының аумағына тек отбасына қауышу үшін, ата-аналардың балаларына, балаларының ата-анасына баруы үшін, Ресейде емделу, тікелей туыстарын жерлеу үшін құрлық шекарасы арқылы кіруге болады.
Қазақстандықтар Ресей аумағында 30 тәулікке дейін тіркеусіз қала алады. Егер Қазақстан азаматы Ресейде ресми түрде жұмысқа орналасса, онда оның болу мерзімі жұмыс берушімен жасалған еңбек шартының мерзіміне тең болады.
Елімізде жəне əлемдегі жаңалықтар жайлы толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!