Қыс басталғалы Қазақстанда пойыздардың кешігу ұзақтығы мен саны артты. TengriTravel.kz тілшісі "ҚТЖ" ҰҚ" АҚ-ға сауал жіберіп, желтоқсан айында жолаушыларға төленген өтемақы мөлшерін білді.
"2022 жылы желтоқсанда 1 319 жолаушы өтемақы алуға өтініш білдірген, оларға 4 628 152 теңге мөлшерінде айыппұл төленді", - делінген Қазақстанның магистралды темір жол желісі баспасөз қызметінің өкілдері.
ҚТЖ өкілдерінің мәліметінше, желтоқсанда 10 шақты жолаушылар пойызы діттеген жеріне кешігіп барған. Ең ұзақ уақыт кешіккен рейс - № 73/74 Жезқазған - Алматы, ол Алматы станциясына 7 сағат 43 минутқа кешігіп жеткен.
Алайда қазіргі уақытта ҚТЖ өкілдерінің айтуынша жағдай дұрысталған: 2022 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда "пойыздардың кешігуі 16 есе азайған".