Рейс кешіктірілген жағдайда тасымалдаушы билет құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс. Бұл туралы "Жолаушылар теміржолы және әуе тасымалы: кешігу, баға және қызмет көрсету сапасы" брифингінде айтылды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, азаматтық авиациядағы басты басымдық - қауіпсіздік. Сондықтан әуекомпаниялар жолаушыларды межелі жерге қауіпсіз және уақытылы жеткізуге мүдделі. Бұл жағдайда кідірістердің болуы заңды және көптеген себепке: әуекемесінің техникалық ақаулығы, ауа райының қиын жағдайлары және басқаларына байланысты болуы мүмкін.
"Әуекомпанияның кінәсінен рейс кідірген жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тасымалдаушы кідіріс ұзақтығына байланысты тегін негізде: екі телефон қоңырауын шалу, салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақүйде тұру, сондай-ақ қонақүйге дейін және әуежайға кері қарай жеткізуді ұсынуы тиіс. Сонымен қатар, тасымалдаушы кешіктірудің әр сағаты үшін билет құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді", - делінген ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Бұл көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда әуекомпания 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ, жолаушылардың құқығын қорғау мақсатында қазіргі уақытта рейсті кешіктіргені үшін айыппұл төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Шараға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, сондай-ақ тұрақты әуе тасымалдарын жүзеге асыратын ірі қазақстандық авиакомпаниялардың өкілдері қатысты. Олар қазіргі уақытта жолаушыларды алаңдатып отырған әуе тасымалдарына қатысты сұрақтарды талқылады.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!