Қазақстанда әуекомпаниялар рейсті кешіктіргені үшін 20 миллион теңгеден аса айыппұл төледі

Қазақстандық әуекомпанияларға әуе рейстерінің кешігуі кезіндегі заң бұзушылықтар үшін 21 миллион теңге айыппұл салынды. Айыппұлдардың басым бөлігі Air Astana компаниясына тиесілі болды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Kaz.tengriTravel.kz тілшісі.

"Тамыздың үшінші онкүндігінде Air Astana әуекомпаниясына және оның құрылымдық бөлімшесіне, Fly Arystan әуекомпаниясына қатысты рейстерді кешіктіру кезінде жолаушылар құқығын бұзғаны үшін 2 мың АЕК көлемінде қосымша екі айыппұл салынды, яғни 6 миллион 126 мың теңге. Осылайша, шілде айынан бастап Air Astana әуекомпаниясына қатысты жалпы сомасы 6 мың АЕК, яғни 18 миллион 378 мың теңге болатын алты айыппұл салынды.

SCAT әуекомпаниясы рейс кідірген кезде жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін мың АЕК немесе 3 миллион 63 мың теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп жауап берді Ластаев Kaz.tengritravel.kz тілшісінің сауалына.

Оның айтуынша, шілде-тамыз айларында қазақстандық әуекомпаниялар 7 мың АЕК жалпы сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұл 21 миллион 441 мың теңге.

Ластаев индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Азаматтық авиация комитеті рейстерді кешіктіру кезінде жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін әуетасымалдаушыларды жауапкершілікке тарту жұмысын жалғастыратынын және жолаушылардың құқығын сақтау бөлігінде қолданыстағы заңнама талаптарын ұстанатынын, тасымалдаушылар тарапынан бұзушылықтардың қайталанған фактілері анықталған жағдайда көзделген шаралар қабылданатынын түсіндірді.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!