Жыл басынан бері ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы "Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау" бойынша 49 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Осы қылмыстарды жасағаны үшін барлығы 21 тұлға анықталып, ұсталды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Бұл туралы көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев мәлімдеді.
Көліктегі ПД басшысы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, кейінгі уақытта әуе және теміржол көлігі нысандарында "әзіл-қалжыңды жалған терроризм" фактілері жиілеп кеткен.
Мәселен, бір тәулік ішінде Астана қаласының әуежайында жолаушылар тіркеуден және тексеруден өту кезінде әуежай қызметкерлеріне "бомба", "граната" және т.б. тыйым салынған заттардың бар екендігі туралы әзіл-қалжың түрінде хабарлаған 3 дерек тіркелді.
"Жүргізілген тексеру іс-шараларының нәтижесіәнде тыйым салынған заттар табылған жоқ. Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді полиция полковнигі.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Сонымен қатар, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!