15 қыркүйекте Ақтауда Үкімет басшысының қатысуымен Қазақстан туризмін дамыту форумы өтті. Іс-шараға ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, ірі қазақстандық және шетелдік туроператорлар, әуе компаниялар желілерінің басшылары, сондай-ақ инвесторлар, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін айтты. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған.
"Кейінгі үш жылда салаға 4 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туристік нысан салынды. Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан аса танымал халықаралық қонақүй желілері есігін айқара ашты. Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақ мерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз", - дейді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Үкімет басшысы отандық туризмнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру аясында Қазақстанның шетелдегі имиджін көтеру бойынша ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын күшейту маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты елдің туристік брендін әзірлеп, халықаралық ақпарат кеңістігіндегі танымал ету жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Сонымен қатар Әлихан Смайылов жол бойындағы сервистік нысандарды пайдалану сапасы мәселелерін шешіп, агротуризмді дамыту шараларын әзірлеу қажеттігін айтты.
"Ауыл тұрғындары, шаруалар мен бағбандар өз шаруашылықтарында туристерді қабылдау арқылы қосымша табыс таба алады. Ол үшін біз заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуіміз керек. Community based tourism – әлемдік тренд, одан қалыс қалмау керек", - деді Әлихан Смайылов.
Сурет primeminister.kz сайтынан
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев былтыр жаңадан құрылған ведомствоның екі саланы тепе-тең ұстап дамытатыны туралы айтты.
"Биыл жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі туризм 3,2 миллион адамға жетсе, сырттан келетін саяхатшылар саны 500 мыңнан асқан. Былтыр туризм саласына 350 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды, биыл бұл көрсеткішті 800 миллиардқа жеткіземіз деген жоспар бар. Президентіміз айтқандай туризм - экономиканың бір саласы болады. Бүгін тур операторлар, дипмиссия өкілдері және түрлі компания өкілдерімен бас қосып, халықаралық форумда елдегі туризмнің мәселелері, нәтижелерін талқылап жатырмыз. Инфрақұрылым жағдайы, виза мәселесі, инвестиция тарту сынды тақырыптар көтеріліп жатыр және біз осы нәтижелер мен ұсыныстар бойынша жұмыс істейтін боламыз", - дейді министр.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев
Сондай-ақ, министр алты айда елімізге 500 мыңнан аса шетелдік турист келгенін айтты.
"Бүгінде 80 елдің азаматтарына визасыз кіру мүмкіндігі берілді, осы көрсеткішті 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Жыл соңына дейін 1,4 миллион шетелдік турист келеді деген үміттеміз. Бұл салада мәселе жоқ емес, алайда жыл сайын үкіметтен 50 миллиард теңге бөлініп жатыр және инвесторларды тарту жұмыстары қарқынды. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуды да қолға алып отырмыз. Балалар лагерлерін салу және оны жүргізу мәселесі қарастырылмақ. Эко туризм төрт жылда үш есе дамыған. Бүгін айтылған ұсыныстар мен шағымдар бойынша кешенді пысықтау жұмыстары жүргізіледі", -деп түйіндеді Ермек Маржықпаев.
Қазақстандық туристік ассоциациясының президенті Шайкенова Рашида Рашидқызы бүгінгі жиында туризмге қатысты айтылмаған мәселе қалмағанын жеткізді.
"Бүгінгі форумда біз мемлекеттік туризмді дамытуға деген қызығушылығын байқадық. Бізде ешуақытта Үкімет басшысының қатысуымен өткен жиын болмаған және оның туризм мәселесіне назар аударғанын көрген емеспіз. Сол себепті де бұл форум ерекше. Елде мемлекеттік қатысуынсыз туризм ұйымдастыру мүмкін емес. Виза, көлік логистикасы, әуетасымалдау құны, жарнама, елдік бренд сынды мәселелер жүйеге қойылған күйде талқыланды. Инфрақұрылымдық шешімдер, мысалы жол бойындағы әжетханалар мәселесі айтылды. Оннан аса мәселе көтерілді. Еңбек нарығының үлкен үлесі мен Үкіметтің қатысуы арқылы біз нәтиже шығара аламыз. Шетелдік мамандар туристер үшін тартымды ел болу үшін "не істеу керек" деген сұрақ бойынша көптеген жақсы ұсыныстар айтты. Сол себепті де бүгінгі форумнан Үкімет басшысы және Туризм және спорт министрі бұл салаға күш, қаражат, жергілікті және шетелдік инвесторларды тарту керек деген түсінікпен шықты деген үміттеміз. Отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету арқылы жақсы мотивация береді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде туризм саласын дамыту бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
"Алты айда өңірімізге 179 мың турист келді. Көрші облыстардан келетін туристер саны бұл статистикаға кірмейді. Былтырға қарағанда туристер ағыны 38 пайызға артық. Ақтау әуежайынан аптасына 147 рейс, оның ішінде 45 шетелдік рейстер жүзеге асырылады. 732 мың жолаушы пойызбен тасымалданды. Биыл 100 миллиард теңге инвестиция тартылып, 7 жоба жүзеге асырылады. Республикалық бюджеттен 5 миллиард 400 мың теңге туристік мекемелерге газ тарту үшін жұмсалады", - дейді облыс әкімі.
"Қазақтуризм" ҰҚ" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов бұл жиынның пандемиялық кезеңнен кейін алғаш рет өтіп жатқанын мәлімдеді.
"Үкімет басшысы туризмге қатысты мәселелерді біледі, Президетімізде осы салаға ден қоюымыз керектігін айтты. Бүгінгі форумның ерекшелігі - турбизнесс пен халықаралық ұйым өкілдері діттеген мәселелерді Үкімет басшысына айта алды. Бүгін айтылған мәселелерді жүзеге асырсақ айтарлықтай нәтиже көрсетер едік. Келер жылы "Көшпенділер ойынына" байланысты туристік брэнд әзірлеу тапсырылды. Мұның өзі әлемдік нарықта қозғаушы күш болады дегенге сенімдімін. Барлық қатысушыларға, әсіресе дипмиссия өкілдеріне шетелдік серіктестерге алғыс айтқымыз келеді. Бүгін эмоционалды ұсыныстар мен тілектер болды, өйткені олар біздің ел үшін шынайы жанашыр бола білді. Елімізде туризм үшін жайлы климат болса, шетелдік инвесторлар да көбейіп, Қазақстанға келетін саяхатшылар саны артады деген сенімдемін", - деді "Қазақтуризм" басшысы.
Маңғыстау облысында танымал блогер, эко-белсенді Азамат Сәрсенбаев Атырау мен Маңғыстау облыстарының жұртшылығын салыстырды.
"Біздің өңірде ішкі туризм өте жақсы дамыған. Жаз басталысымен көршілес облыстардан, шетелден қонақтар ағылады. Ақтау жұртшылығы кез келген қонақты күтіп алуға дайын. Өздеріңіз көріп отырғандай басты деген қонақүйлер меймандарға лық толы, жазғы маусым аяқталғанша орын жоқ. Инфрақұрылым жақсарса, халықта сервиске жақындайды. Мысалы Атыраумен салыстырар болсақ, ондағы жұрт шетелдіктерге үйренген, о бастан экспаттар көп. Бізде сәл басқаша, біртіндеп үйреніп келеміз. Вандализм, қоқысты көрінген жерде тастап кету сынды жағдайлар болып тұрады. Ондай әрекеттерге қарсы заңды күшейтіп, айыппұл сомасын ұлғайтатын болса, немесе инфрақұрылым жақсарып жатса оның ешкім де бүлдіргісі келмейтіні анық", - дейді эко-белсенді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!