Қазақ - көшпенді халық. Көшпелілердің мәдениетін заманауи етіп, туризм саласында ұсыну - ұтымды бағыттардың бірі. Қазір бұл саланы дамытып жатқан елдер көп. Цифрлық көшпенділер үшін арнайы рейтинг те жүргізіледі. Қазақстан сондай рейтингте 16-орынды алды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Kazakh Tourizm баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"PaulCamper неміс компаниясы цифрлық көшпенділер үшін қолайлы жағдай деңгейі бойынша әлем елдеріне ауқымды зерттеу жүргізді. Қазақстан ұсынылған үздік 25 елдің рейтингіне еніп, 16-орынға ие болды", - делінген хабарламада.
Олардың рейтингінде wi-fi қызметінің қамтылуы, жанармай бағасы, күнделікті дұрыс тамақтану құны, көлік ұрлығының жиілігі, жолдардың сапасы және қанша күн жаңбыр жауды деген сияқты көрсеткіштер ескерілді.
"Қазақстан бұл тізімде көптеген алдыңғы қатарлы елдерден озды. Рейтингте Қазақстанның жоғары көрсеткіштері отын мен азық-түлік бағасының қолжетімділігі бойынша белгіленеді", - делінген баспасөз релизінде.
Бүгінде әлем бойынша 35 миллионнан аса цифрлық көшпенді бар. Олар жыл сайын осындай өмір салтына 787 миллиард доллар жұмсайды.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!