Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаны экспортқа шығарады. Бұл туралы ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста өз сөзін пандемия мәселесінен бастады. Ол биыл мемлекет басшыларының кездесуі коронавирустан ушығып отырған экономика мен саясаттағы күрделі проблемалар аясында өтіп жатқанын атап өтті.
"Бүгінгі күннің ең басты міндеті - азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді. Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде.
Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады", - деді Тоқаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!