Қайырбек Өскенбаев әуерейстердің кешігу себебін айтты

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев соңғы уақытта жолаушылардың наразылығын тудырған рейстердің кешігуі мәселесі туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі. 

"Соңғы кездері ел ішіндегі, сондай-ақ халықаралық бағыттар бойынша ұшатын рейстерге қатысты хат-хабарламалар көптеп түсіп жатыр. Шынымен, бүгінгі таңда әуекөлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр.

Орын алған бұл мәселені жедел шешу мақсатында қазақстандық әуетасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырдым. Осылайша, жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуекемесі пайдалануға берілетін болады. Атап айтқанда, SCAT авиакомпаниясы 9 ұшақ, Fly Arystan – 3 және Air Аstаnа 2 ұшақпен толықтырылады. Бұл шаралар тасымалдау сыйымдылығын едәуір арттыра түспек", - деді министр. 

Министрдің айтуынша, әуетасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келеді екен. Сондықтан сұранысты қанағаттандырып, рейстердің кешігуін алдын алу үшін қазақстандық әуекемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаяды.

Жалпы, рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, менің тапсырмам бойынша ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігіндегі әріптестерім тиісті тергеу амалдарын бастап кетті. Егер жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталса, тиісті әуекомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!