Каспий теңізінің жағасы қоқыс полигонына айналған

Көк айдынның жағалауы полиэтилен пакет пен баклажкаға толы. Қоқыстар теңізді ластап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

Шомылу маусымы басталысымен, аймақ тұрғындары Каспий теңізінің жағасында демалғанды ұнатады. Басқа өңірлерден тіпті, шетелден арнайы келетін меймандар да көп.

Алайда демалушылардан кейінгі көріністен адамдардың тазалық сақтау мәдениетінің төмендігі байқалады. Өйткені тамақтың қалдығы, қазан-ошақтың орны жинаусыз қалуда. Ал олар шашылып, теңізге кетіп жатыр.

Әсіресе Түпқараған ауданы аумағындағы жағалау жиі ластанады. Сайын Шапағатов ауылы әкімдігі елді мекен жағалауынан, 43-шақырымдағы жаға мен 68-шақырымдағы “Голубая бухта" жерінен екі айдың ішінде 250 тонна қоқыс жинаған.

Ауыл әкімінің орынбасары Ғибрат Мұхамбеттің айтуынша, жағалауды апта сайын тазалауға тура келіп отыр. Өйткені, демалушылар қоқыс тастап, қоршаған ортаны бүлдіріп кетеді.

Тіпті тұрмыстық қалдықтан аяқ алып жүру мүмкін болмай қалады. Сондықтан әкімнен бастап, кіші қызметкерге дейін 10-15 маман тазалық жұмыстарын жүргізуге мәжбүр.

Ақшұқыр ауылындағы жағалаудан аптасына 1 тонна қоқыс шығарылады. Ақтау қаласындағы жағалауда да сондай мәселе.

"Демалушылардан қалған қоқысты коммуналдық қызметтің 80 жұмысшысы күн сайын таңертеңнен кешке дейін тазалайды. Қоқыс жәшіктері күніне екі рет төгіледі", - дейді мамандар.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері жағалауды ластаған 4400-ге жуық адамға әкімшілік хаттама толтырылған. Оларға 20 мен 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Фото: Massaget.kz / Сая Мәжитқызы

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!