Түркістан облысы өзінің мәдени және рухани көрікті жерлерімен танымал. Саяхатшылар әрдайым тек Түркістанға көңіл бөліп жатады. Бірақ бұл аймақта басқа да қызықты жерлер бар. Туристер Түркістан облысының Созақ ауданына не үшін барады, осы жайлы Kaz.tengritravel.kz порталы мен Aviata.kz сервисі материалынан біле аласыз.
Созақ ауданы Түркістан облысының солтүстік бөлігінде орналасқан және облыстағы ең үлкен аймақ болып саналады. Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл облыстарымен шектеседі. Бұл жердің әсем табиғаты саяхатшыларды сұлулығымен таң қалдырады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қаратау жоталары - керемет көріністерді тамашалауға болатын төбелердің бірегей композициясы. Мұнда әр шатқалда мөлдір сулы шағын өзен, бұлақ немесе сарқырама бар.
Қызық дерек
Қаратау жотасының орталық бөлігін алып жатқан Қаратау қорығы оның аумағында миллиондаған жылдар бұрын үлкен көл болуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, бұл жерден бір кездері мекендеген бауырымен жорғалаушылардың, қосмекенділердің және өсімдіктердің қалдықтарын табуға болады. Ең танымал олжалардың бірі - юра дәуіріндегі ұшатын бауырымен жорғалаушы птерозаврдың түкті қанаты және барлық омыртқалы палеонтология оқулықтарындағы тасбақа қалдықтары.
Tripadvisor туристік платформасында туристер Қаратауға барғандары туралы жақсы пікірлерімен бөліседі.
"Бәрі тамаша, маған осынау шабыт сыйлайтын жерлер мен бұрын-соңды естімеген таңқаларлық аңыз-әңгімелер қатты ұнады!".
"Табиғаты өте әдемі және ерекше сұлулығымен таң қалдырады, әсіресе көктемде. Келіңіздер!".
Осы Созақ өңірінде Қазақ хандығының алғашқы астанасы саналатын Созақ қаласы, Керей мен Жәнібектің ордасы орналасқан. Өлкетанушы Болат Ысқақовтың айтуынша, аңыз бойынша екі хан да осы жерлерде жерленген.
"Созақ Қаратаудың арғы бетін мекендеген малшылардың, көшпелілер мен қолөнершілердің, егіншілердің жолы тоғысқан жер болды. Созақ өз тарихында талай рет жау шапқыншылығына ұшырады. Қаратаудың солтүстігінен келетін жолдардың қиылысында орналасқан, Түркістан, Отырар, одан әрі Арал, Талас және Шу, Созақ қалаларына дейін созылып жатқан бұл қала хандықтың маңызды экономикалық орталығы болғаны және басқыншылар үшін стратегиялық қызығушылық тудырғаны сөзсіз", - дейді өлкетанушы.
Фото Тұрар Қазанғапов
Мұнда 1946 және 1982 жылдары қазба жұмыстарын жүргізген археологтар қаланың қақпасы, көпір тірегі, тандырлар, астық сақтайтын ыдыстар, қалашық орнынан кең үйлері бар бірнеше тұрғын аудандарды, шаруашылық құрылыстары мен мешіттердің қалдықтарын тапты. Олардан соғылған тиындар, құмыралар, тостағандар мен шамдар табылған. Мамандардың айтуынша, бұл жер тарихи дамудың нағыз ортасы. Дегенмен, бұл жерде әлі де елеулі зерттеулер жүргізілген жоқ.
Гид Ислам Калани Созақ өңірінде туристерге бірнеше түрлі бағыттар ұсынылатынын айтады.
"Қазақ хандығының алғашқы астанасы - Созақ елді мекеніне бару экскурсиясы - ортағасырлық қала мен шағын өзеннің, көне мазарлар мен мешіттердің пайда болуына себепкер болған бұлақпен танысуды қамтиды. Одан ары Созақ көшелерімен саяхат. Бұлақ жағасында пикник ұйымдастырылады. Төрт-бес адамнан тұратын топқа жол жүру құны 30 000 теңге.
"Шымкент - Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылы" туры бар. Қашықтық - 320 шақырым. Хорезмшахтар кезінде салынған XIII ғасырдағы Ақсүмбе қарауыл мұнарасына баруды ұсынамыз. Мұнда су қоймасының жағасында демалуға болады. Топқа жол жүру құны 40 000 теңге.
Фото Тұрар Қазанғапов
"Шымкент - Қаратау тауларындағы екі сарқырамасы бар Қошқарата өзенінің табиғи алабы" экскурсиясы 120 шақырым қашықтықты еңсеруді көздейді. Туристер тау шатқалында серуендеп, суға шомылып, пикник жасайды. Саяхат құны бір адамға бес мың теңге немесе төрт адамға арналған экскурсиямен бір көлікке - 25 000 теңге.
"Шымкент - Созақ ауданындағы Баба-Ата ауылы және Қызылкөл" туры. Қашықтық - 170 шақырым. Ол ортағасырлық мектепті, Ысқақ-Баба кесенесін, VIII ғасырдағы феодалдық қамалдың қирандыларын және XVII ғасырдағы мазарды аралауды қамтиды. Одан кейін Қызылкөлге, палеолит тұрағына және Үшбас өзенінің шатқалына саяхат жүргізіледі. Жол жүру құны - 40 000 теңге. Бағаға көлік пен тур кіреді.
Бағаларды жағдайға байланысты өзара келісуге болады. Тапсырыс берушінің көлігіне экскурсия 18 000 теңге. Ағылшын тіліндегі экскурсия - 30 000 теңге", - дейді гид Ислам Калани.
Келіншектау
Созақ өңіріндегі тағы бір баруға тұрарлық жер - Келіншектау. Негізгі жартастың биіктігі теңіз деңгейінен 1729 метр. Келіншектау сілемінің шығыс бөлігі оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырымға, батыс жотасы оңтүстіктен солтүстікке сегіз шақырымға созылып жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Турист Назерке Маханова Келіншектаудың етегіне саяхаты туралы баяндай отырып, бұл жерлерге жету қиын емес дейді. Бірақ сізге табиғатты тамашалау үшін ең жақсы нүктелерді және аймақта серуендеу үшін қолайлы жолдарды көрсететін гидпен шыққан дұрыс деп есептейді.
"Келіншектау көз алдымызда қамалдай көрінеді. Ал етегінде Абай атты жасыл желекке оранған ауылды көресіз. Бұл ауылдан дәмхана мен мейрамхананы таба алмайсыз, әрине. Келіншектауға келген туристер асханадан тамақтана алады. Шолаққорған ауылы, ол Абай ауылынан 37 шақырым жерде орналасқан, мұнда түрлі дәмханалардан қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуға болады", - дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Келіншектау атауы қазақтың "келіншек" сөзінен шыққан, яғни "келін" деген мағынаны білдіреді. Тау туралы аңыздардың бірі бұл тау жотасының қалыңдықтың құрметіне аталғанын білдіреді. Бұл жерлерге жақын бір ауылда Айсұлу деген қыз тұрыпты. Әкесі оны қатты жақсы көріп, өмір бойы еркелетіп өтеді. Тұрмысқа берер уақыт жеткенде, әкесі ұлан-асыр той жасап, алтынмен апталған мол жасаумен шығарып салады. Бірақ, Айсұлуды ренжіткен нәрсе, дүйімм алтынның ішіндегі күмістен жасалған итке арналған тостаған болады. Ол әкесінен тостағанды алтынға айырбастауды талап етеді. Көңілі қалған әкесі оны шүкірлік етпегені үшін қарғап, өзінің де алтынға айналуын тілейді. Осыдан кейін Айсұлу мен жасау тиелген керуені тасқа айналып, үлкен Келіншектау жотасы пайда болады.
Қызық дерек
Тау жайлы аңыздардың ішінде бұл жерлерде айдаһарлар өмір сүргені туралы және таудың өзі үлкен тасқа айналған айдаһар екендігі айтылады. Ал дәлел ретінде үлкен қанатты бауырымен жорғалаушыларды бейнелейтін жартастағы суреттер. Кейбіреулер түнде ғана ұшатын, өте жақсы жасырынатын айдаһарлар әлі де Келіншектауда өмір сүреді деп есептейді екен.
Фото Тұрар Қазанғапов
2017 жылы Созақ ауданындағы Келіншектау етегінен Абай елдімекенінде жергілікті тұрғындар ХІІ ғасырға жататын екі тас мүсін тауып алған. Ескерткіштер Арпа өзенінің бойында орналасқан. Шығысқа қаратылған тастарда әйелдер мен ер адамдар бейнеленген. Жәдігерлер С.Қожанов атындағы облыстық мұражайда сақтаулы тұр.
Қаратау петроглифтері
Қаратау петроглифтері - қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі Қаратау шатқалдарының жартастарына қашалған бейнелер. Қойбағар, Арпаөзен, Майдамтал, Үлкентұра, Қысан, Жыңғылшақ, Қошқарата, Сүйіндіксай шатқалдарында, Ақсу-Жабағылы қорығында көптеп кездеседі. Барлығы 3045 композиция мен жеке бейнелер табылды. Бір ғана Арпаөзен шатқалында 2765 бейне бар.
Фото Тұрар Қазанғапов
Қаратау петроглифтері негізінен әртүрлі көлемдегі жартастар мен тастарға қашалған. Олар ежелгі дәуірдегі көшпелі тайпалардың шаруашылық өмірін, сондай-ақ, олардың діни наным-сенімдерін, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін көрсетеді. Құстардың, жануарлардың бейнелері бар. Суреттердің тақырыбы алуан түрлі, белгілі бір мағынаны меңзейді. Мысалы, түйенің бейнесі байлық пен күшті білдіреді. Көптеген жартастарда тауешкіге иттермен аулауға шығу, құстарды ұстау көріністері бейнеленген. Қолдарында найза, сойыл ұстаған жауынгерлердің де бейнелері бар.
Гид Ислам Калани саяхатшыларға Қаратау тауларының әсем шатқалына саяхат пен Келіншектау етегіндегі бес мың жылдық петроглиф галереясын тамашалау ұсынылатынын айтты. Сондай-ақ, экскурсияға ежелгі Сауран қаласына бару кіреді.
Фото с сайта silktrip.kz
Қызылкөл
Қызылкөлді Созақ өңірінің інжу-маржаны деп атайды. Ол дала мен таулардың арасында орналасқан. Көлдің тұзды суы мен шипалы балшығы буын ауруларына мен басқа да ауруларға ем делінеді.
Қызылкөл жағасында бұрынырақ адамдар жиі демалып, дала мен таудың, тұщы судың күшінен қуат алатын демалыс орындары мен санаторийлер көп болатын. Бірақ 2000 жылдары су қоймасы баяу өле бастады. Бұл ішінара адамдардың әрекетіне, ішінара табиғи себептерге де байланысты. Бұл туралы ғалымдар әлі күнге бір шешімге келген жоқ. Демалыс орталықтары жабыла бастады, ал туристер арасында сұраныс төмендеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жергілікті тұрғындардың әңгімесіне қарағанда, соңғы жылдары көл қайта жандана бастаған: құстар қайтып, жағалары жасылданып, сазан шабақтары шығарылды. Қызылкөл шымкенттіктер мен Жамбыл облысынан келетін туристер арасында ең танымал.
Қызылкөл Құмкент ауылынан оңтүстік-батысқа қарай бес шақырым жерде орналасқан және Қаратаудың солтүстік етегіндегі ең батыстағы көл. Ал көлдің маңайында ұсақ тастардың арасында миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген ежелгі акула қалдықтары, тістері кездеседі.
Қалай жетуге болады?
Созақ ауданының аудан орталығы - Шымкент қаласынан 180 шақырым жерде орналасқан Шолаққорған ауылы. Сапарға аттану үшін жол талғамайтын көлік таңдаған дұрыс.
Арпа өзенінің маңындағы петроглифтерге жету үшін Түркістаннан Шолақорғанға жету керек. Бұл бағытқа автобус қатынайды. Шолақорғаннан Абай ауылына дейін таксимен баруға болады. Содан кейін қара жолмен алты-жеті шақырым жүру керек. Сіз олардан өз бетіңізше өте аласыз, бірақ орын табу қиын болады, сондықтан жергілікті тұрғындардың біріне сізді жол көрсетіп апаруын сұраған дұрыс, олар жолды жақсы біледі және ұсынысыңызға ақысын төесеңіз, қуана келіседі. Жол бойында Келіншектау шыңдарының көрінісі ашыалды. Мына тауға қара жолдың бойымен, Арпа өзеніне қарама-қарсы жолмен бару қажет.
Қызылкөл көлі Шолақорғаннан барса, жақын болады. Ал Шымкенттен Шолаққорғанға дейінгі тас жол бойымен көлге дейін 200 шақырымнан асады. Шолақорғанға 15 шақырым жетпей, шығысқа, оңға бұрылу керек. Жолдың барлығы асфальтталған. Бұрылғанннан соң тағы 25 шақырым жүру керек. "Қызылкөл" белгісінен қара жолға бұрылып, жағажайға дейін тағы үш-төрт шақырым жүру қажет.
Саяхаттау - ол да бір жауапкершілік екенін Авиата еске салады. Кейінгі ұрпақтың салауатты өмірі үшін және қайтар жолымыздың тазалығы үшін табиғатты барынша аялайық.
Табиғаттың ертең қандай болары біздің қолымызда. Бастаманы қолдау үшін өзіңіздің "саналы" саяхаттарыңыздан #jasylbolsyn Авиата хэштегімен фотосуреттер мен бейне-видеоларды жүктеуге болады.