Қара тізім және рейстерді ауыстыру: Қазақстанның азаматтық авиациясында қандай өзгерістер енгізілді?

Азаматтық авиация комитетінің өкілдері Қазақстандағы азаматтық авиация саласында қандай өзгерістер енгізілгені туралы айтты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

2022 жылы 29 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына қол қойған болатын. Соған сәйкес азаматтық авиацияға қатысты "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңға, Жер кодексіне, Еңбек кодексіне және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Осылайша, қаржылық қиындықтарға тап болған және өзінің операциялық шығындарын қамтамасыз ете алмайтын өңірлік әуежайларды мемлекеттік қолдау мақсатында субсидиялау тетігі қарастырылады.

Бұдан басқа осы заңда халықаралық әуежайлар үшін әуежай инфрақұрылымын дамытудың нақты кезеңдерін және басым міндеттер тізбесін қамтитын бас жоспарды бекіту жөніндегі ереже белгіленеді.

"Бұл тасымалдау көлемінің болжамды өсуін ескеруге, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті жер учаскелерін қамтамасыз етуге, халықаралық стандарттардың, оның ішінде ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің де сақталуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді", - делінген хабарламада.

Рейстің ауыстырылатыны туралы ескерту

Әуекомпаниялардың мобильді нөмір мен электронды пошта арқылы жолаушыларды рейс мәртебесінің өзгеруі туралы, оның өзгеру себептері және рейстің өзгерген уақыты туралы немесе жаңа маршрут туралы, сондай-ақ рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты авиакомпаниялар ұсынатын қызметтер тізбесі туралы уақтылы хабардар етуді міндеттейтін нормалар көзделіп отыр.

"Жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жолаушыны межелі пунктке уақтылы жеткізбегені үшін жіберілген әр сағат үшін тариф (мерзімі өткен ұшу учаскесінің тарифі) құнының 3 пайыз мөлшерінде тасымалдаушы компанияларға айыппұл салу қарастырылған", - деді ААК өкілдері.

Жолаушыларды қара тізімге енгізу

Сонымен қатар заңда әуе тасымалдаушылардың да мүддесі ескерілген. Айталық, компанияларға "жолаушылардың қара тізімін" жасауға рұқсат етіледі.

"Яғни, әуе көлігі арқылы жүруге шектеу қойылған адамдардың тізімі жасалмақ. Демек осы тізімге енгізілген жолаушы рейске жіберілмейді. Бұған қоса жолаушы әуе кемесінің бортында құқық бұзушылық жасаған жағдайда тиісті заңға сәйкес әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген кезде немесе осы бұзушылығы үшін айыптау үкімі негізінде бір жыл мерзімге дейін аталған тізімге енгізілуі мүмкін", - деп түсіндірді комитет өкілдері.

Ұшқышсыз ұшатын аппараттар

Ұшқышсыз басқарылатын әуе жүйелеріне байланысты сертификаттау тәртібі енгізіледі.

"Мысалы, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын пайдалану процесін реттеу жөніндегі норманы енгізу қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптарды белгілеп, оларды пайдалануға арналған аймақтарды айқындауға ықпал етеді. Сондай-ақ "ұшқышсыз авиациялық жүйе" және "ұшқышсыз әуе кемесі" ұғымдары енгізіледі", - деді ведомство өкілдері.

Тұтастай алғанда, енгізілетін өзгерістер авиация қызметінде мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттырып, азаматтық авиация субъектілері үшін кейбір аспектілерді нақтылап, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге жол ашады.