Қазақстанда ішкі туристер саны артты. Бұл туралы Спорт және туризм министрілігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 5 миллион 973 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған.
"Ішкі туристер саны былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 562 мың адамға артқан. 2023 жылы осы көрсеткіш 5,4 миллион адам болды", - делінген хабарламада.
Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысы ішкі туризм бағыттары арасында көш бастап тұр. Бұл аймақтар туристерді ерекше табиғатымен, дамыған инфрақұрылымымен және алуан түрлі туристік мүмкіндіктерімен тартып келеді.
"Ішкі туристер санының артуы қазақстандықтардың ел бойынша жиі саяхаттайтынын көрсетеді. Яғни, өз елін танып-білуге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады. Ішкі туризмді әр азамат үшін қолжетімді, тартымды және жайлы етуге жұмыстар жасалуда. Осы мақсатта инфрақұрылымды дамытып, жаңа бастамаларды қолдап келеміз", – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!