"Жолаушылар тасымалы" өкілдері пойыз билеттерінің қымбаттауына қатысты пікір білдірді

«Жолаушылар тасымалы» компаниясы Қазақстанда пойыз билеттері қымбаттады деген ақпаратқа жауап берді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Биыл пойыз билеттерінің көп қымбаттағанын Маңғыстау облысы, Алматы және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары сезінгенін бұған дейін жазғанбыз. Жалпы, 2022 және 2023 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырғанда Қазақстанда жолаушылар теміржол көлігі қызметтерінің бағасы 12 айда 7,9 пайызға өскен.

Жолаушылар тасымалының баспасөз қызметі "билет бағасының өсуіне" қатысты түсініктеме берді.

"Әлеуметтік маңызы бар өңіраралық коммуникациялар үшін теміржол көлігімен жүру тарифі биыл бір рет – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға көтерілді. Тарифті өзгерту жыл сайынғы баға лимитін көтеруді ескере отырып, Көлік министрлігімен келісілді", - деп атап өтті компаниядағылар.

Сондай-ақ, компания әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жүретін пойыздардан басқа, 2014 жылдан бастап коммерциялық пойыздар Қазақстан бойынша жолаушыларды тасымалдап, жылдамдықты жоғарылататын жедел тасымалдау қызметін ұсынатынын еске салды. Коммерциялық пойыздарда жол жүру құны билеттерді сатып алу мерзіміне және тасымалдау сұранысына байланысты белгіленеді.

"Сонымен қатар, Қазақстанда жеке агенттік кассалары жұмыс істейді, олардың кейбіреуі билеттерді комиссиямен сатады", - деп толықтырды компанияның баспасөз қызметі.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!