Жетісудың табиғи және қолдан жасалған көрнекі жерлері: 1-бөлім

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматы облысы, нақтырақ айтсақ, Жетісу өңірі - табиғаты тамаша, Қазақстандағы ежелгі мекендердің бірі. Мұнда көз тоймайтын табиғат көріністері бар орындар жетерлік. Олардың кейбіреулері аяқ жетпейтін жерде орналасқан, ал көпшілігіне тез-ақ жетіп баруға болады. Kaz.tengritravel.kz және Zhetysu Travel сіздер үшін Жетісудың демалыс кезінде барып тамашалап қайтуға болатын алуан түрлі көрікті жерлерін ұсынады.


Иконка комментария блок соц сети

Алматы облысы, нақтырақ айтсақ, Жетісу өңірі - табиғаты тамаша, Қазақстандағы ежелгі мекендердің бірі. Мұнда көз тоймайтын табиғат көріністері бар орындар жетерлік. Олардың кейбіреулері аяқ жетпейтін жерде орналасқан, ал көпшілігіне тез-ақ жетіп баруға болады. Kaz.tengritravel.kz және Zhetysu Travel сіздер үшін Жетісудың демалыс кезінде барып тамашалап қайтуға болатын алуан түрлі көрікті жерлерін ұсынады.

Хан Тәңірі шыңы

Хан Тәңірі - Орталық Азияның ғана емес, дүниежүзіндегі әдемі шыңдардың бірі. Басындағы мұздағын қоса есептегенде, төрт қырлы пирамида бейнесіндегі шошақ шыңның биіктігі - 7 010 метр. Ол Орталық Тянь-Шань тау жүйесінің Қазақстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінің тоғысындағы Тәңірі Тау жотасында орналасқан. Шыңның атауы түркі тілінен аударғанда "аспан әміршісі" деген мағынаны білдіреді.

Хан Тәңірі шыңын бағындыру - әлемдегі альпинистердің көпшілігінің арманы және басты мақсаты. Шыңның ұшар басына алып шығатын он шақты маршрут бар, бұл жолдарды еңсеруге 14 күндей уақыт кетеді. Шың басында "Хан Тәңірі" халықаралық альпинистік лагері орналасқан. Қазбек Валиевтің өзі құрған бұл лагерь маусымына 2 мыңға тарта альпинист пен тау туристерін қабылдай алады. Мұнда жыл сайын облыс басшылығы мен ЦСКА альпинистік клубының ұйымдастыруымен аталған лагерьдің базасында халықаралық деңгейдегі спорт фестивальдары өтіп тұрады. 


© Shutterstock

Жасылкөл көлі

Қазақстанның ірі ұлттық табиғи парктерінің бірі - Жоңғар Алатауы Жетісу Алатауының жотасында орналасқан. Тау басынан құлай аққан өзендер көлге келіп құяды. Олардың арасында теңіз деңгейінен 1 630 метр биіктікте Ағыны қатты өзеннің саласында жатқан, мұздақтан еріген судан құралған Жасылкөл көлінің орны ерекше. Көктем мен жазда көлдің суы лайланып жатса, жаздың аяғында мұздақтан еріген су тоқтаған кезде, суы тұп-тұнық, түсі көгілдір-жасыл болады. Алайда суға түсуден сақ болу керек, өйткені тіпті жаздың ыстық кезінде де судың температурасы +10°С болады.

Айтпақшы, Жасылкөлдің жағасына баруға бел байласаңыз, табиғи паркке кіру құнын төлеуге қажетті ақша мен жеке басын куәландыратын құжатты өзіңізбен бірге ала шығуды ұмытпаңыз.

Шетен тоғайы

Шарын шатқалының аумағында, негізінен, соғдиян шетенiнің топталып өсуі - мұздақ дәуірінен қалған сирек жәдігер. Шетендер Жібек жолының осы бөлігінде ұзақ уақыт билік құрған тайпаның құрметіне аталған. Ағаштар ежелгі дәуірден бері келе жатыр, тоғай бұрын 25 миллион жылдық тарихы бар үлкен экожүйенің бір бөлшегі болған.

Қазіргі таңда тоғайдың ұзындығы 25 шақырымға созылып жатыр. Ұйыса өскен бұталардың арасынан өту қиын болғанмен, тоғайдың іші жарқырап тұр. Шарынның сулары талтүсте күн қайнап тұрғанда жолаушыларға сая болатын шоқ ағаштардың арасынан сылдырай ағады.

Тоғайдың ішінде сұр кептер, мықи, аққанат тоқылдақ, аққұйрықты субүркіт және Жетісу қырғауылы сияқты түрлі құстарды көруге болады. Мұнда сондай-ақ құндыз, түлкі, қоян, қамыс мысығы мен қабандарды да кездестіруге болады. Қорық аумағында жануарлар өздерін емін-еркін, қауіпсіз сезінеді.

Есік көлі

Биік таудағы бұл тамаша көлді ну орман мен қызылды-жасылды дала гүлдерінің кең алқабынан құралған ерекше сұлу табиғат қоршап тұр. Көлдің өзі Іле Алатауының Есік шатқалында, теңіз деңгейінен 1 760 метр биіктікте орналасқан. Көлдің түсі ауа райының құбылуына қарай өзгеріп тұрады деседі. Бұлтты күнде су сұр түске боялса, ашық күні жарқыраған күннің сәулесімен көгілдір, ақық түсті және жасыл болады. Мұндай сұлулыққа көз алмастан қарай беруге болады.

Көлдің айналасындағы жартасты шатқалдар, көкмайса шалғындар мен ну ормандарда алуан түрлі өсімдіктер өседі. Мұндағы өсімдіктердің басым көпшілігі - күнгей ақселеуі, жанаргүл, казак аршасы, Шренк шыршасы, еңлікгүл "Қызыл кітапқа" енген. Есік көлінің маңында құстың 150 түрі, жануардың 30 түрі тіршілік етеді. Олардың арасында тауешкі, сілеусін, қасқыр, аю, т.б. бар.

Айғайқұм

"Алтын Емел" ұлттық паркінде көрікті жерлер аз емес. Соның бірі - Айғайқұм. Үлкен және Кіші Қалқан тауларының ортасында екі құмшағыл бар. Оңтүстік құмтөбенің биіктігі - 150 м, ал солтүстік құмшағылдың биіктігі - 100 м. Айғайқұм - табиғи ескерткіш. Жауын-шашынсыз күндері құмнан нәзік дауыс шығатындығымен ерекшеленеді.     


© Shutterstock

Айғайқұмның шағылдары Іле өзенінің қайраңдарынан таралады. Өзенге қарай тартылған екі шағылдың шеті алыстан көзге шалынады. Мұнда сүтқоректілердің 80-ге тарта, құстардың 260 түрі тіршілік етеді. "Алтын Емелдің" кең жазығында және тау шатқалдарында арқарлар, қарақұйрықтар мен құландар жайбарақат жайылып жүреді.

Бұрқан бұлақ

Алматы облысындағы туристер назарын аударатын нысандардың бірі - Орталық Азиядағы ең биіктен құлап ағатын сарқырама санатындағы Бұрхан бұлақ. Жоңғар Алатауының Қора шатқалындағы сарқыраманың көзге көрініп тұрған сатыларының биіктігі - 112 метр. Алайда ол жерге жету оңай емес, тек жүріп үйренген көліктермен баруға болады. Қазіргі таңда ең қолайлысы - Қапал асуы арқылы жүру. Қора шатқалын қиялай төмен түскенде де, асуға көтерілгенде де саяхатшылардың зәре-құты қалмайды. Шатқалдың табанын бойлап, сарқырамаға дейін 12 шақырым қара жолмен жүреді. Егер сізге сарқырамаға бару бақыты бұйырса, еш өкінбейтініңіз анық, ал жолда көрген қиындығыңызды кейін қызықты оқиға ретінде еске алатын боласыз.

Жаркент мешіті

Жаркент қаласының орталығында қытай және ортаазиялық стильдер шебер үйлесім тапқан мешіт тұр. Бұл ерекше ғимаратты салу үшін белгілі қытай сәулетшісі Хон Пик арнайы шақырылған екен. Ол ғимараттың сырт бейнесіне осы өңірде тұратын барлық ұлттардың халықтық өрнектерін үйлестіріп келтірген. Жергілікті тұрғындар Хон Пиктің өз өмірінде, тіпті Қытайда болғанда да, осы мешіт секілді әдемі ғимарат салмағанын зор сеніммен айтады. Тіпті сол үшін Аспан асты елінің императоры оны жазаға кессе керек. Аңызға айналған қытай сәулетшісінің қолынан шыққан көптеген жұмыстары уақыт сынына төтеп бере алмаған. Ал Жаркент мешіті тіпті 1910 жылғы күшті жер сілкіну кезінде де аман қалыпты. Мешіт аңыз болған Тянь-Шань шыршасының бөренелерінен бір шеге қолданылмай орнатылған.

Уақыт өте келе, мешіт те тоза бастаған, бірақ биік орталық арка, мұнаралар, қабырғаларға салынған қиял-ғажайып жануарлары мен өсімдіктерінің суреттері сияқты шығыс нақыштары бұрынғыша көздің жауын алып, келушілердің назарын аударады. Ішкі көрінісі одан да керемет: құрбандық ошағы, мыңдаған жарқын сюжеттердің суреттері мен карниздері, дәстүрлі қытай шырағдандары, көптеген қасиетті рәсімдер мен әшекейлер нәзік өрнектермен безендірілген.

"Іле Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Жалпы аумағы 200 мың гектардан астам жерді алып жатқан "Іле Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1996 жылы ашылды. Оның аумағының басым бөлігін адам қолы тимеген ну ормандар құрайды. Оларда аң мен құстың 300-дей түрі тіршілік етеді. Саябақтың інжу-маржаны - Алматы қаласының символы болып табылатын қар барысы. Іле Алатауының басым бөлігін алып жатқан "Іле Алатауы" ұлттық паркінің аумағы батысында Шамалған өзені мен шығысында Түрген өзені аралықтарын қамтиды. Парктің кеңсесі Алматы қаласы, "Таусамал" ықшамауданында (Жандосов көшесі, 1) орналасқан. Туристік нысандардың көпшілігіне арнайы кіру құжатынсыз бара беруге болады. Тек Қаскелең және Ақсай шатқалдарына бару үшін арнайы кіру билетін алу қажет.

Мәжі көлі

Күнгей Алатауының Үлкен Өрікті шатқалында 2 162 метр биіктікте аса танымал емес, бірақ өте әдемі көл бар. Жергілікті халық оны Мәжі көлі деп атайды. Ұзындығы - 500 метр, ені - 100 метр. Көл XX ғасырдың басында Шілікті-Кемин жер сілкінулерінің нәтижесінде пайда болған деседі. Көлге екі шақырымдай қалғанда түнеуге ыңғайлы орындар ойластырылған. Шатқалға Шілік өзенінің жазығындағы Орта Өрікті өзеніне қосылар жеріне дейін апаратын қара жолдың бойымен баруға болады. Көлге жету үшін 2-4 күндей уақыт кетеді. Көлдің жоғарғы жағында жақсы жол жоқ.  

"Жоңғар Алатауы" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Ұлттық парк 2010 жылы Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан Жетісу Алатауында орналасқан. Батысында Ақсу өзені мен шығысында Тентек өзенінің аралығындағы 356 мың гектар алқапты алып жатыр. Мұндағы тұмса табиғат көрген жанға ұмытылмас әсер сыйлайды. Буырқанған тау өзені, таулы жердегі айнадай сұлу көлдер және ұшар басында аппақ қар жамылғысы бар биік шыңдарды суреттеуге сөз жетпейді. Сиверс алмасының әлемдегі ең үлкен бағы осы паркте орналасқан, сондықтан ол қатаң күзетіледі. Олар, әсіресе, Лепсінің төңірегінде көп өседі. Парктің кеңсесі Сарқандта автовокзалдың артындағы басты көшеде орналасқан. Лепсідегі парктің филиалында да аумақты аралауға рұқсат құжатын алуға болады. Тау сілемдері шекаралық аймақта орналасқандықтан, шетел азаматтары құжаттарын саяхатқа шықпастан бір ай бұрын өткізуі қажет.

TengriTravel
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная