Жетісудың табиғи және жасанды сұлу мекендері: 3-бөлім

Бұл - Алматы облысында керемет демалу үшін Tengritravel.kz пен Zhetysu Travel-дің ұсыныстарының соңғы бөлімі. Алайда бұл Жетісудың қызықты да көрікті орындары осымен тәмамдалды деген сөз емес. Бұл жерде әлі де тау арасынан, өзен аңғарларынан, шатқалдар мен қалалардан көптеген табиғи және қолдан жасалған көрнекті жерлерді қалауыңызша таба аласыз.

"Жаркент-Арасан" шипажайы

"Жаркент-Арасан" шипажайы таулы аймақтағы тамаша табиғат аясында, дәлірек айтсақ, кіші Жоңғар Алатауының сілемінде, 1 100 метр биіктікте, Бурақожыр өзенінің жағасында орналасқан.

Алматыдан - 325, Талдықорғаннан 280 шақырым жерде орналасқан шипажайды Жаркент қаласымен және Панфилов ауданының басқа да бөліктерімен 40 шақырымдық тасжол жалғастырып жатыр. Шипажайда бальнеотерапия мен лаймен емдеу, физиотерапия, емдеу жаттығулары, массаж жасау және басқа да процедуралар кабинеттері бар. Сондай-ақ шипажай жанынан волейбол, баскетбол, теннис алаңдары салынған.


"Жаркент-Арасан" шипажайы. сурет zharkentarasan.kz сайтынан

Шипажай аумағы өте әдемі. Жазда мұнда қатар түзеп өскен қарағаш, қараған, ақ қайың, пирамида тектес теректер, жас шыршалар, қарағайлар, арша, бозқараған ағаштарының арасына отырғызылған қызылды-жасылды гүлдер көздің жауын алады. Бұл жерде сіз тек дертіңізге шипа тауып қана қоймай, естен кетпес тамаша демалыс сәттерін өткізе аласыз.

Есік қорғаны

Есік қорғаны - Қазақстан аумағында біздің эрамызға дейінгі VI-V ғасырлардың аяғында өмір сүрген сақ тайпаларының тарихы мен мәдениетінің жарқын ескерткіші. Қолдан жасалған обалар тізбегі Алматыдан 50 шақырым жерде, Есік қаласының солтүстігіне қарай орналасқан. Басты қорғанның диаметрі - 60 метр. Қазба жұмыстары 1969-70 жылдары белгілі қазақ және кеңес археологы К.А. Ақышевтің басшылығымен жүргізілген. Алғашқы зерттеулердің өзі-ақ сол дәуірде өмір сүрген адамдардың мәдени дамуы, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастары және мәдени байланыстары жаңа қорытындылар жасауға, қазіргі қазақтардың ата-бабасының әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы білімдерін толықтыруға мүмкіндік берді.

Оба диаметрі 30-90 метр, биіктігі 4-15 метр болатын 45 үлкен қорғандардан тұрады. Ортасынан және оң жақ қабырғасынан екі қабір табылды.


"Есік қаласының Алтын адамы". Сурет dostoyanieplaneti.ru сайтынан

Өкінішке орай, ортадағы қабір тоналып, қиратылған. Бүйірдегі қабір адам қолы тимей, аман қалған екен. Тянь-шань шыршасының бөренелерінен жасалған тік бұрышты қабірге 17-18 жастағы сақ жауынгері - әйгілі Алтын адам жерленген. Қазіргі таңда Есік қаласының аумағында осы қорғанның орналасқаны туралы белгі қойылған.

Үлкен Алматы шыңы

Үлкен Алматы шыңы - Іле Алатауының танымал және қолжетімді шыңдарының бірі. Үлкен Алматы шыңынан қарағандағы көрініс адамды баурап алады. Жаяу туристердің арасында бағындыруға ыңғайлы, танымал шыңдардың бірі болуы бекер емес. Шыңға шығуға ниет білдірген адамның тау жорықтары туралы білімі мен аздаған дағдысы болуы шарт. Бірақ денсаулығының мықты болуы да артық етпейді, өйткені, әсіресе, жаңадан көтерілетіндер үшін таудың ауасы ауырлау болып келеді және биіктіктегі қысым да өзгеріп тұрады.

Шыңға шығу ғарыштық сәулеленуді зерттеумен айналысатын ғарыштық станция орналасқан 3 333 метр биіктіктегі Жосалы кезең асуынан басталады. Ары қарай тауға апаратын жаяу соқпақ арқылы Мәрмәр асуына көтеріледі. Асудың екі жағында Үлкен Алматы және Жорық шатқалдары бар. Дәл осы жерден маршрут қиындай түседі: туристер сол жақтағы жартастарды айналып өтіп, ірі қойтастарға өрмелеп, Оңтүстік шыңына жетеді.

Оңтүстік шыңынан қарағандағы көрініс Үлкен Алматы шыңынан қарағандағы көрініспен бірдей. Дей тұрғанмен нағыз табиғат тамашасы одан әріде жатыр. Көзге әрең шалынатын соқпақпен Солтүстік шыңының оң жағымен жүріп отырып, өмір бойы есіңізде қалатын ұмытылмас көрініске тап боласыз.

Қаскелең көлдері

Қаскелең шатқалында мұздықтар көшкенде пайда болған су айдындары - моренді көлдер бар. Бұл көлдердің таңғажайып сұлулығы қауіп-қатерге қарамастан, экстремалды демалысты ұнататын жандарды өзіне тарта түседі. Себебі таулы жердегі көлдерде көшпелі әрі қауіпті ойпаттар болады. Мұздықтардан еріген су кез келген сәтте төмен қарай құйылып кетуі мүмкін. Сондай екі су айдыны Казактар деп аталады.

Төменгі Казак көлі теңіз деңгейінен 2 800 метр биіктіктегі құлазыған қу далада орналасқан. Алайда төніп тұрған қауіпке қарамастан, туристер табиғатқа биіктен сүйсіне көз тастау үшін тауға шығудан тайынбайды. Тәжірибелі гидтер туристерді Қаскелең шатқалы - Әк кеніші - Асу - Емеген шатқалы - Айдарыс асуы - Жай тоғайы - Казак көлі маршруты бойынша алып жүреді. Бұл шамамен 15 шақырымдай жер, ал жан-жақты дайындалған трекерлер бұл маршрутты демалыс күндері өтіп шығады.


Фото Григорий Беденко

Жоғарғы Казак көлі теңіз деңгейінен 3 200 метрде жатыр. Ол Төменгі Казак көлінен шамамен үш жарым шақырымдай жерде орналасқан. Бұл жерде болған саяхатшылардың айтуынша, оған жету оңай емес. Көптеген туристер дәл осындай қауіп-қатері үшін баруға құмар, өйткені жолдың қиындығы мен құлазыған қу табиғаттың көл бетіне түскен бейнесі оның қадірі мен құндылығын арттыра түседі.

Түрген шатқалы

Түрген шатқалы - Іле Алатауы ұлттық паркінің көрнекті жерлерінің бірі. Шатқал Асы платосына дейін 44 километрге созылып жатыр. Ежелгі дәуірде бұл жермен Еуропадан Шығыстағы Қытай мен Үндістанға бара жатқан сауда керуендері жүрген.

Табиғаты тамаша шатқалда сарқырамалар (мұнда жетеуі бар) мен жылғалар көп. Мұнда көбіне форель балығын аулауға, сондай-ақ дәрілік өсімдіктерді жинауға келеді. Ең үлкені - биіктігі 30 метр болатын Аюлы сарқырамасы. Оның аумағында түйетауық фермасы, кәдесыйлар дүкені, бұлақтар бар, қарақат, таңқурай, итмұрын өседі. Тағы бір Бозғұл сарқырамасы өзінің буырқанған ағысымен кеңінен танымал, тіпті ағыстың күштілігі сондай, жартасты жарып аққан.


Фото travelhub.kz

Түргеннің аумағында мәңгілік мұздақта бұта сияқты өсетін Шын Түрген шыршаларын, ыстық су қайнарларын, көкке таласа өскен қарағайлы және аралас ормандарды, көздің жауын алатын альпі шалғындарын кездестіруге болады.

Нұрсұлтан шыңы

Комсомол шыңы немесе Нұрсұлтан шыңы - Солтүстік Тянь-Шань тауларының ең әдемі шыңы және Алматының бетке ұстар нысаны. Ол Іле Алатауының (Солтүстік Тянь-Шань) Кіші Алматы сілемінде теңіз деңгейінен 4376 метр биіктікте орналасқан.

Альпинистердің арасында кеңінен танымал шың Қарлытау шыңынан теңіз деңгейінен 4000 метр биіктіктегі Комсомол асуымен бөлінген және оның биік шыңдары Алматыдан да жақсы көрініп тұрады. Найзадай көкке шаншылған шыңның мұздақтары Алматыға жақын орналасқан таулардан айқын байқалады. Сырт көзге шың жанындағы басқа шыңдардан неғұрлым биік болып көрінеді.

Шыңға апарар жол "Талғар" асуы мен Богданович мұзбағы арқылы өтеді. 2А санатындағы шыңға көтерілуге әдетте екі күндей уақыт кетеді.

1935 жылға дейін шың Кіші Алматы немесе жай ғана Алматы деп аталды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнінің құрметіне Нұрсұлтан шыңы деп аталды. Бұл шешімді шыңға көпшілік көтерілуге қатысушылар қабылдады. Содан бері көпшілік көтерілу игі дәстүрге айналды.

Бесшатыр қорғандары

Бесшатыр - Солтүстік-Шығыс Жетісудың сақ тайпаларының этномәдени және қасиетті орталықтарының бірі. Ол Алматы облысының Кербұлақ ауданында, Шеңгелді ауылынан шығысқа қарай 65 шақырым жерде, Іле өзенінің оң жағалауында, Алтын Емел табиғи қорығының аумағында орналасқан.

Қорған туралы алғаш рет тарихшы В.Городецкийдің еңбектерінде айтылған. Онда 1924 жылы В.Парфеньтевтің Іле өзенінің оң жағалауындағы қорғандарға барғаны жазылған. Арада 33 жыл өткенде, Жетісу археологиялық экспедициясы жоғарыда аталған К.Ақышевтің басшылығымен қорғандарды зерттеуге кіріскен.


Сурет commons.wikimedia.org сайтынан

Бесшатыр обасы 2 шаршы километр аумақты алып жатыр, диаметрі 8-70 метр, биіктігі 2-20 метр болатын 18 патша қорғандарынан тұрады. Үлкен қорған - жер астындағы және жер бетіндегі құрылыстары бар алып архитектуралық ансамбль. Топырақтың астынан Тянь-Шань шыршасының ірі бөренелерінен жасалған қабір табылған.

Сондай-ақ Бесшатырдың айналасында қабірге қатысы бар бірқатар ескерткіштер орналасқан. Бұлар Үлкен Бесшатыр қоршаулары сияқты алты қоршау, төрт қазығы және 45 қоршаудан тұратын ұзын шынжыр, олардың кейбіреулерінде тауешкілердің, қабандар мен қасқырлардың бейнелері қашалған.

Туристер асуы

Туристер асуы теңіз деңгейінен 4039 метр биіктікте - Үлкен Алматы және Сол Талғар өзендерінің сағасында, Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында, Іле Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан. 

Асу арқылы тау туристерінің "Әлемді айналу" деп аталатын маршруты да өтеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында теңіз деңгейінен 3550 метр биіктіктегі Қызылсай шатқалындағы шығыс морен көлінің етегіне дейін баратын автокөлік жолы салынған болатын. Сондай-ақ мұнда тікұшақ қонатын алаңқай мен "Қазбасселденқорғау" мекемесінің морен көлін қарап отыратын бақылаушыларына арналған лашық салынды.