Қазақстанда Хорватия азаматын тінту кезінде "марихуана" және "гашиш" есірткі заттары табылды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстанның көлік полицейлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, Алматы–Ташкент бағытындағы жолаушылар пойызын патрульдеу кезінде қызметтік-іздестіру иті жоғарыда аталған пойыз жолаушыларының біріне нұсқады. Күдікті Хорватия Республикасының 61 жастағы азаматы екен. Ұсталған азаматқа жеке тінту жүргізу кезінде "марихуана" және "гашиш" есірткі заттары табылып, тәркіленді.", - дейді Көліктегі полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев.
Шетелдік есірткі заттарын сатып алғанын және оны жеке пайдалануы үшін сақтағанын түсіндірді.
"Аталған факті бойынша шетел азаматына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабының 1-бөлігі (айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Өзге ақпараттар ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай жария етілуге жатпайды", - деді полиция полковнигі.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!