Газа секторынан қазақстандықтар мен олардың отбасы мүшелері Алматыға ұшып келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі СІМ мәліметіне сілтеме жасап.
"Бүгін арнайы эвакуациялық бортпен 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматы қаласына аман-есен ұшып келді.
Әуежайдағы барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтарға уақытша баспана беріліп, оларға қажетті құқықтық, медициналық және өзге де көмек көрсетіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Сәтті іске асырылған эвакуациялау Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы елшіліктерінің осы елдердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесі.
"Таяу Шығыс өңірінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылығымен келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР СІМ азаматтарымыздың Газа секторынан қауіпсіз және еш кедергісіз шығуы туралы уағдаластыққа қолжеткізді.
Қазақстандық дипломаттар қақтығыс аймағында қалып қойған Қазақстан азаматтарына көмек көрсету және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады".
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!