Еліміздің шенеуніктері демалысын қайда өткізіп жүр?

Қазақстандықтар арасында жазғы демалысын шетелден бөлек ел ішінде демалу да сәнге айналып бара жатыр. Шенеуніктер еңбек демалысында қайда демалғанды жөн көреді? 

Қай өңірде демалушылар саны көп?

Ranking.kz мәліметінше, 2021 жылы елдің 19 курорт аймағында 1575 қонақүй, коттедж, санаторий және басқа да орындар жұмыс істеген. 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында осындай орындарда 58 миллиард теңгеге қызмет көрсетілген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда, 72,8 пайыз артық.

2021 жылы бұл саладағы қызметтің 53,9 пайызы Алматы тау кластерінде көрсетілген, яғни 31,2 миллиард болған. Қызмет көрсету көлемінің жылдық өсімі 67,4 пайыз болған. Көшбасшылар үштігіне Щучинск-Бурабай (8,9 миллиард теңге, жылына 64,8 пайыз) және Маңғыстау (7 миллард тг, 70,8 пайыз) курорт аймақтары кірген. Ал ең азы Байқоңыр туристік аймағына тиесілі, бар болғаны 275 мың теңге.

"Хабар 24" телеарнасының мәліметіне сүйенсек, туроператорлар осы жазда Қазақстан ішіндегі демалыс отбасылық бюджет үшін қымбатқа түсетінін ескерткен. Мысалы, Алакөлге бару 30 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл туралы Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы Рашида Шайкенова айтқан. Ол жазда отандық курорттар мен санаторийлерде демалу мына себептерге байланысты қымбаттағанын жеткізген: долларға қатысты теңге бағамының күрт төмендеуі, инфляция мен азық-түлік, басқа тауар бағасының өсуі. Қазақстандықтар демалыс қарсаңында Алакөл, Балқаш, Каспий жағалауы, Бурабайға турларды брондай бастайды екен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір адамның демалыс орнында демалуы тәулігіне шамамен орташа 7 мың теңге болады. Сондай-ақ, Қазақстанда былтыр 9 айда сырттан келетін туристер саны екі есе қысқарған, бұл пандемия салдарынан болған.

Тоқаев қайда демалған?

Сурет: Берік Уәли

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 13 шілдеден бастап Шығыс Қазақстан облысында демалыста болған еді. 

"Мемлекет басшысы 13-16 шілде аралығында төрт күндік қысқа мерзімді демалыста. Қасым-Жомарт Кемелұлы еңбек демалысын еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі - Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында өткізеді", - деген еді былтыр баспасөз хатшысы.

Сурет: Берік Уәли

СҚО әкімі қайда демалады?

СҚО әкімі туған жерде демалуды құп көреді екен. Бұл туралы шенеунік Instagram-парақшасында жазған. 

"Меңкесер - отбасыммен демалатын сүйікті жер", - деп жазған СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

@qumaraqsaqalov Instagram-парақшасынан

БАҚ-та бұған дейін де Құмар Ақсақалов Меңкесер көлінде демалуды ұнататынын айтқаны жазылған. Ол көлді Израильдегі Өлі теңізге ұқсатқан.  

"Меңкесер көлі - шын мәнінде, облысымыздағы қасиетті көлдің бірі. Ондағы судың сапасы Израильдегі теңізге өте ұқсас деп есептеледі. Жыл сайын көрші мемлекеттерден, Нұр-Сұлтаннан, басқа да облыстардан көптеген адам келіп, ем алады. Суы өте жақсы", - деген облыс әкімі.

Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, Меңкесер - Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданындағы тұйық көл. Ол Петропавл қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 83 шақырым жерде орналасқан.

Толығырақ Massaget.kz порталынан оқи аласыздар.